"БҮГІН ҚАНДАЙ АС ӘЗІРЛЕЙМІН?" - Тауық етінен дайындалатын мәзір

0
3 902

Тауық етінен тойымды әрі ақуызға бай тағамдар дайындауға болады


Тауық еті дәмі жағынан мал еттерінен кейінгі орында жүргенімен өзіне тән ерекшелігі бар. Әсіресе ақуызға бай кешкі немесе түскі ас дайындағыңыз келсе, осы тағамдарды әзірлесеңіз болады.

Көкөністер мен тауық етінен дайындалған бұқтырма


Қажетті қоспалар:

  • 500 гр. тартылған тауық еті
  • 2 дана сәбіз
  • 1 дана қызанақ
  • 1 дана болгар бұрышы
  • 1 дана пияз
  • 1 шай қасық томат тұздығы
  • 1 стақан су
  • Аскөк қосылады.

Дайындалу тәсілі:

  1. Тауық етін текшелеп, ал, пиязды жартылай дөңгелектеп тураймыз. Сосын мультипеште 10 минут майсыз қуырамыз.
  2. Дәміне қарай тұз, бұрыш, дәмдеуіштер қосып, жақсылап араластырамыз.
  3. Қуырылған тауық етінің үстіне текшелеп туралған көкөністерді саламыз.
  4. Содан соң томат пен суды құйып, қақпағын жабамыз да, 40 минут бойы буда пісіреміз.
  5. Тамақтың пісуіне 10 минуттай уақыт қалғанда майдалап туралған аскөкті саламыз.


Тауық етінен дайындалған ақуызға бай құймақ-тағам


Қажетті қоспалар:

  • 2 дана тауықтың төс еті
  • 1-2 дана пияз
  • 150 гр. сүт
  • 2 дана жұмыртқа
  • Дәміне қарай тұз, бұрыш, сарымсақ пен паприка
  • 5 гр. жүгері крахмалы
  • 10 гр. қуыру үшін өсімдік майы қажет.
  • Салмасына: 30 гр. сүзбелі ірімшік (творожный сыр)
  • 150 гр. қызанақ
  • 20 гр. салат жапырағы.

Дайындалу тәсілі:

  1. Құймақтарды дайындау үшін тауық еті мен пиязды блендерге салып, майдалаймыз. Біркелкі массаға айналғанша араластыра беру керек.
  2. Сосын осы араласпаға жұмыртқа, сүт, жүгері крахмалын қосамыз.
  3. Дәміне қарай тұз, бұрыш, дәмдеуіштерді салып, барлығын жақсылап араластырамыз.
  4. Егер масса тым қою боп қалса, 50 мл су қосып жіберсеңіз болады. Сонда құймақтар формасына тез келеді.
  5. Енді осы фарштан құймақтарды пісіреміз. Ол үшін табаға май жағу қажет. Содан соң фаршты салып, дөңгелек формаға келтіріп, екі жағын бірдей қызарта пісіріп аламыз. Қалған фарштан тағы да екі дана құймақ шығады.
  6. Піскен құймақтардың арасына сүзбелі ірімшік пен туралған қызанақты, салат жапырақтарын салып, үш қабат құймақ жасаймыз. Бұл ақуызға бай тағам қарынды тойдырып, дәрумендермен ағзаны нәрлендіре түседі.


Буға піскен котлеттер


Қажетті қоспалар:

  • 500 гр. тартылған тауық еті
  • 1 дана пияз
  • 200 гр. ақ нан
  • 100 мл сүт
  • 1 дана жұмыртқа
  • Дәміне қарай тұз қосылады.

Дайындалу тәсілі:

  1. Пияздың қабығын аршып, майдалап тураймыз немесе үккіштен өткіземіз.
  2. Нанды бөліктерге бөліп, сүтке салып қоямыз. Сүттің орнына суды пайдалануға да болады. Нанды жақсылап сүтке батырып, езілген соң суын төгіп, мыжғылаймыз. Егер нанның қатты жерлері болса алып тастаған дұрыс.
  3. Енді фарш пен пиязды, нанды бір табаққа салып, жұмыртқа мен тұз қосып, барлығын араластыру керек.
  4. Дайын фарштан котлеттер жасап, мультипешке салып буда пісіресіз. Мультипеш болмаса пешке пісіріп алуға да болады. Қалай пісірсеңіз де котлеттер өз құнарын жоймайды.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


ЖАЗДЫҚ МӘЗІР: ыстық күнде жасалатын пирогтар


КӨК ПИЯЗ қосылған ерекше БАУЫРСАҚ