ІШ ӨТКЕНДЕ мына тағамдардан бас тартыңыз!

0
19 922

Ішіңіз өтіп, мазаңыз кетті ме? Бұл да вирустың әсерінен болуы мүмкін!


ІШ ӨТКЕНДЕ мына тағамдардан бас тартыңыз!

Ішек жұмысының бұзылуында диетаға отыру ең маңызды мәселелердің бірі әрі емделу жолы болып табылады. Іш өту – ішек инфекциясынан, асқазан-ішек жолдары ауруларының әсерінен немесе бұзылған тағам жегеннен туындауы мүмкін. Ал, мұндай жағдайда не ішіп-жеу керектігін білесіз бе?

Халық арасында іш өткенде жеміс-жидектер мен сүт өнімдерін ішуге болмайды деген түсінік бар. Алайда бұл пікір дәрігерлердің кеңесімен үйлесе бермейді. Себебі, ұсынылатын тағамдардың ішінде жеміс-жидектер, майсыз сүт өнімдері де бар. Диареяның жеңіл түрінде, инфекциялық аурулар болмағанда мұндай тағамдар керісінше ағзаны қуаттандырып, тезірек жазылуына көмектеседі.



Іш өткен жағдайда жеуге болатын жемістер

  • Алма
  • Беге (айва)
  • Банан
  • Анар
  • Құрма


Бұл жемістердің құрамында иммунитетті нығайтып, диареяны тоқтататын жасұнық пен басқа да пайдалы дәрумендер көп. Сондықтан да күніне 1-2 дана жеміс жеуге болады.

Ас мәзіріне крахмалды көкөністерді қосыңыз. Мысалы: картоп, кәді, сәбіз, патиссон. Аталмыш көкөністерден езбе жасап немесе бұқтырып жеген дұрыс. Ал, құрамында ішекті қабындыратын эфир майлары бар ақбас қырыққабат, тұрып, болгар бұрышы, қияр, шалғам, шомыр сынды көкөністерді ас мәзіріне қоспаңыз. Сонымен қатар, ішек жұмысы жақсарғанша асбұршақ, үрмебұршақ, жасымық, саңырауқұлақ пен жаңғақтарды да қоспаған абзал.


Мына жидектерді де жеуге болады



  • Мүкжидек (клюква)
  • Қара жемісті шетен (черноплодная рябина)
  • Қаражидек (черника)
  • Мойыл (черемуха)

Жоғарыда аталған жидектер де жемістер секілді әлсіреген ағзаны қуаттандырып, дәрумендермен, минералды заттармен байытады. Ол үшін жидектерден қайнатпа жасауға болмаса мүкжидек пен қаражидекті үккіштен өткізіп, азырақ балмен араластырып, қабылдауға болады. Мұндай емдік қоспаны тәулігіне бірнеше рет қою демделген шаймен жейді.


Іш өткен кездегі негізгі азықтардың бірі – жармалар. Ал, ауырған кезде мына жармалар ұсынылады:


  • Күріш
  • Сұлы
  • Суға піскен жүгері ботқасы
  • Суға піскен ұнтақ жармасы
  • Қарақұмық
  • Суға піскен тары ботқасы

Әсіресе іш өткен кезде осы жармалардың ішіндегі ең пайдалысы күріш дейді мамандар. Күріштің құрамында крахмал мен тағамдық талшықтар көп болғандықтан да ол токсиндерді сіңіріп, сыртқа шығарып тастайды. Күрішті тұзсыз қайнатып жеуге де, 3-4 сағат сайын 50-100 мл-ден суын ішуге де болады. Ал, қалған жармаларды жағдайыңыз жақсарғаннан кейін жей беруге мүмкіндігіңіз бар. Суға піскен жарма ішекті қабындырмайды. Сонымен бірге жұмысын тезірек қалыпқа келтіруге көмектеседі.

Бұдан бөлек, кондитерлік өнімдер мен ұннан жасалған нандарды жеуге болмайды. Оның орнына қақталған қара нан жеңіз. Макарон өнімдерін тек гарнир ретінде немесе сорпаға қосуға болады.


Іш өткенде ұсынылатын сүт өнімдері



  • 1%-дық майсыз, тәттісіз сүзбе
  • Простокваша
  • 1%-дық кефир

Емделу кезінде және диареядан кейін ішек жұмысы қалыпқа келгенше ас мәзірінен қаймағы алынбаған сүт, кез келген майлылығы жоғары қышқыл сүт өнімдерін (қаймақ, йогурт, ряженка, айран, майлы сүзбе) алып тастаған дұрыс. Сондай-ақ дайын тағамға сары май, қатты ірімшік қосудың қажеті жоқ.


Балық және ет өнімдері



Диареяға шалдыққан науқастың тамақтану рационында ет өнімдері де болуы керек. Өйткені әлсіреген ағза ақуызға зәру болады. Бірақ та ет жеу керек екен деп майлы түрін таңдамайсыз. Тек еттің майсыз, диеталық түрлері жеуге жарайды. Мысалы:

  • Сиыр еті;
  • Тауық еті;
  • Бұзау еті;
  • Қоян еті;
  • Үндік еті.

Етті буда пісіресіз немесе қайнатып жейсіз. Қуырылған, маринадталған, қақталған, дәмдеуіштер қосылған, отқа пісірілген ет түрлерінен бас тартуға тура келеді. Мысалы, тауық етінің жамбасы мен аяғын емес, төс етін жеу керек. Жұмыртқаны қайнатып жеу ұсынылады.

Ағзаға жеткіліксіз ақуыздың орнын балық жеп толықтырыңыз. Балықты да буға пісіруге, қайнатып жеуге болады.


Сусындар

Қою қара шай, киселдер, морс және су қосылған алма, алмұрт, анар шырындары, түймедақ, итмұрын қайнатпалары, өсімдік тұнбаларын ішу керек.

Іш жиі-жиі өткендіктен ағза сусызданады. Сол себепті де жоғалтқан сұйықтықтың орнын осындай сусындармен толықтырып отырасыз. Ал, су-тұз балансын қалыпқа келтіру үшін газсыз қарапайым су ішіңіз. Сондай-ақ, тұзды ерітінділерді шіуге де болады. Мұндай сусынды дәріханадан сатып алуға да, өз қолыңызбен дайындауға да болады. Ол үшін 2 л қайнаған салқын суға 3 ас қасық қант + 1 ас қасық тұз + 1 шай қасық ас содасын салып, араластырасыз. Осы суды күні бойы ішу керек.


Іш өткен кезде мына тағамдардан бас тартыңыз



  • Қарбыз
  • Інжір
  • Ананас
  • Шабдалы
  • Алмұрт
  • Апельсин мен басқа да цитрусты жемістер
  • Өрік


Диарея кезінде мына шарттарды сақтауға тырысыңыз

  1. Ішіңіз өтіп, мазаңыз кеткен болса тағамды дұрыс дайындау керектігін естен шығармаңыз! Мысалы көкөністерді ешқашан шикілей жемеңіз.
  2. Тағамды аз-аздан әрі жиі-жиі ішіп-жеу керек.
  3. Ас мәзірінен газ түзетін, тез ашитын тағамдарды алып тастаңыз.
  4. Қалыпты тамақтану көлемін 20-50 пайызға азайту ұсынылады.
  5. Ас мәзіріне пайдалы бактерияларға бай сүт өнімдерін қосыңыз.
  6. Сондай-ақ, жылдам өт айдайтын тағамдарды да тұтынбаған абзал.
  7. Қажетті мөлшерде сұйықтық ішу.
  8. Тағам 33-38 градусқа дейін жылытылған болуы керек. Тым ыстық не тым салқын тағамдарды ішпеңіз.
  9. Тұзды да азайтқан дұрыс. Бірақ толықтай бас тартудың керегі жоқ.

Жоғарыда ұсынылған тағамдарды тұтынып, ас мәзіріне толықтай мән беретін болсаңыз іш өтуден тез-ақ құтыласыз. Тек айтылған кеңестерге құлақ салсаңыз болғаны.

Дайындаған: Құрманкүл ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Табиғи "май еріткіштерді" білесіз бе?


Түрлі вирусқа қарсы тұра алатын 10 тағам



Кәдімгі ҚАРА ШАЙ ІШІП те арықтауға болады