​ҚЫСТА ұстауға болатын ЕҢ ТИІМДІ 5 диета

0
5 179

Диетаны мезгілге қарай таңдайсыз ба? Арықтау үшін қандай қадамдарға бара аласыз?


​ҚЫСТА ұстауға болатын ЕҢ ТИІМДІ 5 диета

Күн суытып, ауа температурасы төмендегенде диета ұстау да оңайға соқпайды. Керісінше жылыну үшін көп тамақтанып, тәттілерді де шаймен бірге көптеп жеп қоятынымыз жасырын емес. Алайда, бұл ретте еш уайымдаудың қажеті жоқ. Өйткені диетологтар арнайы қыс мезгіліне арналған диеталар топтамасын жасап та үлгерген екен. Ол қандай диеталар?


1. Сорпа диетасы


Арықтағысы келетін жандар үшін ыстық сорпа ішу оңтайлы секілді. Сорпа ішіп, бойды жылытып әрі семіздіктен арылып жатсаңыз керемет емес пе?! Құрамы көбіне қырыққабаттан тұратын сорпа диетасын ұстану барысында аптасына 5-8 кг салмақтан арылуға болады. Сонымен қатар, ас қорыту жүйесінің жұмысы қалыпқа келетінін де естеріңізге саламыз.


Сорпаны дайындау үшін: 1 бас қырыққабат, 6 дана пияз, 2-3 дана қызанақ, 2 дана жасыл болгар бұрышы, 1 бума ақжелкен көгі қажет.

Дайындалуы: Барлық көкөністерді тазалап жуып, тураймыз да, суға салып қайнатамыз. Су бір қайнағаннан кейін бұрыш, зімбір мен лавр жапырағын салуға болады. Бір тамшы зәйтүн майын тамызсаңыз да артықтық етпейді.

Диетаның алғашқы күндерінде тек осы сорпаны ішу ғана ұсынылады. Тек қана үшінші күні жасыл түсті жемістерді жеуге болады. Төртінші күні тамақтану рационыңызға картоп пен бананнан басқа жемістер мен көкөністерді қосыңыз. Ал, бесінші күні осы тағамдармен бірге 1 стақан майсыз сүт ішесіз. Сонымен қатар, диетаның алтыншы күнінде тамақтану рационыңызға қайнатылған тауық еті мен балғын көкөністерден дайындалған салат дайындауға болады деп қуанта аламыз. Жетінші күні қайнатылған күріш пен көкөністерді, 1 стақан грейпфрут шырынын ішесіз.

Сорпамен диета ұстау кезінде міндетті түрде көбірек су ішу керек. Бірақ та газдалған сусындарды ішуге болмайтынын ескертеміз. Қантсыз морс, көкөніс шырындары жарайды.

Диета кезінде нан жемесеңіз, алкогольді ішімдіктерді аузыңызға алмасаңыз нәтижесі де ойдағыдай болары сөзсіз.


2. Фин диетасы



Бұл диетаның басты тағамы – көкөністерден дайындалған езбе сорпа. Сондай-ақ, майсыз балық, сүт өнімдерінен тұрады. Ең басты шарты – күніне 2 литрден кем су ішпеу керек. Бұдан бөлек, ұннан жасалған өнімдер мен қақталған азықтарды жеуге мүлде болмайды. Фин диетасының ұзақтығы – 2 апта. Енді диетаның басты тағамын дайындауды үйреніп алайық:


Көкөністерден дайындалған финдік сорпа

Қажетті өнімдер: 500 гр. пияз, 250 гр. сәбіз, 300 гр. балдыркөк тамыры, 200 гр. көк пияз, 250 гр. ақжелкен, 250 гр. ақбас қырыққабат, 200 гр. гүлді қырыққабат, 1 бөлік сарымсақ, 1 стақан қызанақ шырыны, насыбайгүл мен қара бұрыш керек.

Дайындалу тәсілі: Көкөністерді тазалап жуып, майдалап әрі текшелеп тураймыз. Сосын кастрөлге салып, су құямыз да, қайнатамыз. Су қайнаған соң отын жай қойып, піскенше отта ұстаймыз. Кейіннен сорпаны блендерге құйып, езбе жасаймыз. Езбеге қызанақ шырыны мен дәмдеуіштерді қосуды ұмытпаңыз. Осылайша дайындалған езбені отқа қойып, тағы да 8-10 минуттай қайнату керек. Езбе-сорпаны күніне 3-4 рет ішу ұсынылады.


Финдік диета мәзірі:

Таңғы ас: 250 гр. езбе сорпа, 150 гр. майсыз сүтке піскен сұлы ботқасы, 1 стақан жеміс шырыны.

Екінші таңғы ас: 250 гр. езбе сорпа, балғын жемістер.

Түскі ас: 250 гр. езбе сорпа, 100 гр. қайнатылған тауық еті, балғын сәбіз бен жасыл көкөністерден дайындалған салат, 1 стақан жеміс шырыны.

Кешкі ас: 200 гр. езбе сорпа, 100 гр. қайнатылған сиыр және бұзау еті, 100 гр. қарақұмық ботқасы, балғын жеміс салаты, 1 стақан жеміс шырыны.

Ұйқыға жатардан 30 минут бұрын міндетті түрде 1 стақан жылы сүт ішу керек.


3. Сәбіз диетасы


Сәбіз – арықтауға көмектесіп қана қоймай, ішкі ағзалардың жұмысын реттеуге айтарлықтай септігін тигізеді. Сәбіз – өте пайдалы заттардың қайнар көзі. Оның құрамында В тобындағы дәрумендер мен А, Д, Е, К және аскорбин қышқылы, эфир майлары, пайдалы көмірсулар бар. Сонымен қатар, сәбіз жасұнық пен йодқа бай көкөніс.

Сәбіз диетасының алғашқы 3 күнінде 2-3 сәбіз, 1 дана жеміс, 1 шай қасық бал мен 1-2 тамшы лимон қосылған салат қана жейсіз.

Төртінші күні диета мәзіріне 200 гр. піскен картоп пен 1 тілім қара нанды түскі асқа қосуға болады.

Бесінші күні қалыпты тамақтануға ауысасыз. Алайда диетологтар майлы әрі құнарлы тағамдарды жемеуге кеңес береді. Қайнатылған, бұқтырылған тағамдар мен сәбізден жасалған салатқа басымдық беруді ұсынады. Диета ұстау барысында көбіне қантсыз көк шай ішкен дұрыс.

Төрт күндік сәбіз диетасында 2-3 келі салмақ тастап, өзіңіздің денеңізге жарасымды киімді кие аласыз.


4. Асқабақ диетасы


Қызғылт-сары түсті көкөнісіміз асқабақтан құралған диетамен 12 күнде 6-8 келі салмақтан арылуға мүмкіндік бар. Берілген мәзірді 4 күннен кейін дәл осылай жалғастыруға болады.

1-күн

Таңғы ас: 200 гр. асқабақ салаты және 200 гр. суға піскен асқабақ ботқасы.

Түскі ас: 250-300 гр. асқабақ пен басқа да көкөністер қосылған сорпа.

Кешкі ас: 250 гр. суға бұқтырылған асқабақ.

2-күн

Таңғы ас: 200 гр. асқабақ салаты және 200 гр. суға піскен асқабақ ботқасы.

Түскі ас: 250-300 гр. асқабақ пен басқа да көкөністер қосылған сорпа және 2 бөлік езілген асқабақ.

Кешкі ас: балғын немесе пісірілген алма.

3-күн

Таңғы ас: 200 гр. асқабақ салаты және 200 гр. суға піскен асқабақ ботқасы.

Түскі ас: 250-300 гр. асқабақ пен басқа да көкөністер қосылған сорпа.

Кешкі ас: 250 гр. 1 дана грейпфрут қосылған асқабақ салаты.

4-күн

Таңғы ас: 200 гр. асқабақ салаты және 200 гр. суға піскен асқабақ ботқасы.

Түскі ас: 250-300 гр. асқабақ пен басқа да көкөністер қосылған сорпа және пісірілген болгар бұрышы.

Кешкі ас: 300 гр. асқабақтан дайындалған рагу.

Егер әрбір тамақтану арасында қарныңыз ашып, мазаңыз кететін болса, кез келген балғын жемісті жеуге болады. Тек банан жемеу керектігін ескертеміз.


5. Грейпфрут диетасы


1-күн

Таңғы ас: жарты дана грейпфрут немесе грейпфрут шырыны, 50 гр. майсыз ет, көк шай.

Түскі ас: жарты грейпфрут, лимон шырыны қосылған көкөніс салаты, көк шай.

Кешкі ас: жарты грейпфрут пен 150 гр. қайнатылған майсыз ет, лимон шырыны қосылған көкөніс салаты.

2-күн

Таңғы ас: жарты дана грейпфрут немесе грейпфрут шырыны, 2 дана қайнатылған жұмыртқа, көк шай.

Түскі ас: жарты грейпфрут, 50 гр. майсыз ірімшік.

Кешкі ас: жарты грейпфрут пен 200 гр. суға бұқтырылған балық, лимон шырыны мен зәйтүн майы қосылған көкөніс салаты, 1 тілім қара нан.

3-күн

Таңғы ас: жарты дана грейпфрут және 2-3 жаңғақ пен 4 ас қасық майсыз йогурт қосылған суға піскен сұлы ботқасы, көк шай.

Түскі ас: жарты грейпфрут, бір кесе көкөніс сорпасы, 2 дана кептірілген нан.

Кешкі ас: жарты грейпфрут, 200 гр. қайнатылған тауық еті, 2 дана піскен қызанақ пен көк шай.

4-күн

Таңғы ас: жарты дана грейпфрут қайнатылған 1 дана жұмыртқа, 1 стақан қызанақ шырыны, лимон қосылған шай.

Түскі ас: жарты грейпфрут, сәбіз пен қияр, брокколи, болгар бұрышы, балдыркөктен дайындалған әрі лимон шырыны мен зәйтүн майы қосылған көкөніс салаты, бір тілім қара нан.

Кешкі ас: жарты грейпфрут пен 300 гр. бұқтырылған көкөністер (картопты қосуға болмайды), көк шай.

5-күн

Таңғы ас: грейпфрут, апельсин, алма қосылған 250 гр. салат, көк шай.

Түскі ас: жарты грейпфрут, 1 дана ірі піскен картоп, 200 гр. қырыққабат салаты.

Кешкі ас: жарты грейпфрут 200 гр. сиыр етінен дайындалған стейк, қызанақ шырыны.

6-7-күндері жоғарыда келтірілген ас мәзірлерінен ұнағанын таңдап, жалғастыра аласыз. Ал, тым қатты қарын ашқан жағдайда алма мен 1 стақан майсыз кефир ішуге болады. Күніне 1 шай қасық бал жесеңіз де рұқсат.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


«МІНСІЗ» салмағыңыз қанша? Кестеге қарап біле аласыз


Кімдерге ҚОЙ ЕТІН жеуге БОЛМАЙДЫ?


Нәзіктікті жоятын 10 АЗЫҚ-ТҮЛІК