Тамақ жегіңіз келе бере ме? Сыры неде?

0
900

«Үнемі тамақ жегім келе береді» дейтін жандар көп. Осылай айтудан шаршаған жоқсыз ба? Кінәні өзгеден емес, өзіңізден іздеп көрерсіз, бәлкім?


Тамақ жегіңіз келе бере ме? Сыры неде?


Үнемі тамақ жеуге не себеп болатынын мамандар зерттеп көрген екен. Бұған бірнеше себеп бар дейді олар: біріншіден, ағзада қажетті микро-макро элементтер жеткіліксіз болуы мүмкін және де стрестік жағдайдан, гормондық бұзылыстан болуы да ғажап емес. Дегенмен ашып айтар болсақ, қарынның ашуына мынадай нәрселер де әсер етуі мүмкін екен:


Ақуыз жеткіліксіздігі

Ақуыз – тәбетті бірқалыпты ұстау үшін аса қажет. Ақуыз қарынның тойғанына жауап беретін гормондарды көбейтіп, аштықты болдырмайды. Ақуыздың пайдалы екенін дәлелдеуге тырысқан ғалымдар мынадай зерттеу жүргізген екен. Зерттеуге артық салмағы бар 27 ер адам қатысқан. Олар 4 ай бойы ақуызға бай тағамдармен тамақтанып, нәтижесінде оларлың 50 пайызы қарынның ашқанын ұмытқанын, ашқарақтықтан құтылғанын айтқан екен. Сонымен қатар, үнемі тамақ жеуді ойлай бермей, тәбеттері де бұрынғыдай болмай қалғанын мойындапты. Бұл зерттеуде ақуыздың тәбетті басуға, үнемі қарынның аша беруінен арылуға көмектесетіні дәлелденген. Сол себепті де артық салмақпен күресіп жүрген болсаңыз, рационыңызды ақуызға бай тағамдармен толықтыруға тырысыңыз.


Ұйқының қанбауы

Қалыпты ұйқы денсаулықтың зор болуы үшін өте маңызды. Онсыз адам түрлі ауруларға шалдығып, қажетті гормондардан айырылып, зиянды әрі тәбетті ашатын гормондарды көбейтіп алуы мүмкін. Тағы бір зерттеуді мысалға алатын болсақ, бұл зерттеуге 16 адам қатысқан екен. Олар 1 тәулік бойы ұйықтамай көрген. 24 сағат бойы ұйықтамағаннан қарынның ашуы қатты байқалған. Зерттеуге қатысқандар күн сайын 8 сағат ұйықтап жүргендерге қарағанда тамақты 14 пайызға көп жеген екен. Яғни, қалыпты ұйқыңыз бұзылып, күніңіз бен түніңізді ауыстырып алған болсаңыз, тез арада бәрін ретке келтіруге кеңес береміз. Түнде ұйықтай алмадым, оның орнын ертең күндіз 5 сағат ұйықтап толтырып аламын деу қателік болып табылатынын есіңізден шығармаңыз. Дұрыс әрі қалыпты ұйқы түнгі сағат 22:00-ден басталады.


Шөлдей беру

Көбіне адамдар қарынның ашуы мен шөлдеуді шатастырып алып жатады. Өйткені бұл екеуі миға бірдей сигнал береді. Соның салдарынан да көп адамдар шөлдегенін сезінбей, қарным ашты деп ойлап, тамақ жеуге кірісіп кетеді. Міне, осыдан кейін артық салмақ қосып, фигурасы адам танымастай өзгере бастайды. Шетелдік ғалымдар жасаған мына бір зерттеуге 14 адам қатысқан екен. Олар тамақтанудан бұрын 2 стақан су ішіп, содан кейін ғана дастарханға отыратын болған. Осының арқасында олар су ішпегендерге қарағанда 600 калория аз жейтіні дәлелденген. Егер шөлдегеніңізді қарынның ашуымен шатастырып жүрген болсаңыз, тамақтанбас бұрын 1 стақан су ішіп көріңіз. Сол уақытта тамақ жегіңіз келмесе, яғни, шөлдедіңіз деген сөз.

Артық салмаққа себеп болатын 3 жағдайды айтып өттік. Ары қарай сіз өз әрекетіңізді жасаңыз! Артық салмақ – деннің саулығына кері әсер ететінін үнемі жадыңыздан шығармаңыз!

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Мына сусындар көктемде арықтауға көмектеседі