​Әдемі СӨЙЛЕГІҢІЗ КЕЛЕ МЕ? Мына 5 ЖАТТЫҒУДЫ жасаңыз

0
4 494

Тіл, ауыз, таңдай бұлшықеттері де шынықтыруды қажет етеді.


​Әдемі СӨЙЛЕГІҢІЗ КЕЛЕ МЕ? Мына 5 ЖАТТЫҒУДЫ жасаңыз

фото: www.b17.ru

Әдемі дауыс – жетістікке жетудің бір құралы. Бір ғана мысал келтірейікші, әншілерді жұлдыз еткен әдемі даусы. Келісесіз бе?

Дикторлар да теледидарда жаңалық оқу үшін көп арасынан анық әрі ашық даусымен көп арасынан таңдалып алынады. Түрін көрмесеңіз де радиожурналистердің бірқатарының есімін жақсы білесіз. Оларды әдемі көзі емес, дауыс танымал еткен. Бизнес-тренелер ораторлық қасиетімен аудитория жинап отырса, бәрібір даусы үлкен рөл ойнайтынын көп мойындайды.

Әйткенмен, әдемі сөйлеу, дауыстың тазалығы мен дыбыстардың анық шығуы – тек тележүргізуші, әнші, асаба, әртіс пен депутат үшін ғана қажет десеңіз, қателесесіз. Сатушы, админстратор, мұғалім, дәрігер, блогер т.б. көпшілікпен жұмыс істейтін барлық маман үшін керек. Бұл кез келген қарым-қатынаста өте маңызды. Өйткені біз адамның даусын естіп-ақ ол туралы алғашқы ойды қалыптастырамыз. Сонымен қатар мәнерлі дауыс тек жағымды емес, ол адамның өзіне деген сенімділігін білдіреді. Тіпті десеңіз, дауыс адамның жүріс-тұрысын да өзгерте алады екен.

Мейлі сіз әнші де, блогер де болмай-ақ қойыңыз. Жай өзіңізге сенімділікті арттыру үшін даусыңызды «жөндеңіз». Бар болғаны 5-ақ жаттығумен даусыңызды, сөйлеу мәнерін өзгерте аласыз.

Ол үшін маман, арнайы курс іздеудің қажеті жоқ. Біз вокал имиджмейкер мамандардың ең жиі ұсынатын артикуляциялық жаттығуларын топтап, жариялап отырмыз.

Есте ұстаңыз: Әр жаттығуды аяқтаған соң ерінді дірілдетіп (ауызбен ауа шығара отырып), бұлшықеттерді босаңсытып отырыңыз.



1. Қаламмен сөйлеу

Кәдімгі қаламды тістеп, бір беттік мәтінді дауыстап оқыңыз. Ереже: әр сөзді анық, асықпай оқу керек. Тексті оқу барысында «Р», «З», «Л», «Ш», «С», «Т» дыбыстарына және дауысты дыбыстарға екпін бере отырып, дұрыс дыбыстауға тырысыңыз. Мәтіннің жартысын асықпай, екінші жартысын жылдам оқыңыз.

Осы дыбыстарды анық дыбыстау сөйлеуіңізге әдемі мәнер береді.

Күнде бір бет мәтінді қалам тістеп оқуды әдетке айналдырыңыз. Бір күні қазақ тілінде, келесі күні орыс тілінде оқысаңыз тіптен жақсы. Әрине, ағылшын тілінде оқи алсаңыз, үшінші күні шет тіліндегі мәтінді оқуға болады.



2. Ауызды керіп сөйлеу

Ауызды жай ашып (кішкентай ғана ашық қалдырып) сөйлеңізші, дауыс міңгірлеп шығады. Демек, ауызды ашып, бұлшықеттерді тырыстырмай еркін сөйлеу керек. Сонда әр дыбыс анық шығады. Ол үшін ауызды үйрету қажет.

Ауызды барынша ашып, ерінді керіп, мейлінше дүрдитіп оқыңыз. Мысалы мәтіндегі сөздерде кездескен«а», «е», «и», «і», «ы» дыбыстарын ауыз бен ерінді керіп оқисыз. Ал «о», «у» дыбыстарында ерінді дүрдитіп, барынша алға созуға тырысыңыз.

Алдымен асықпай, мәнерлеп оқисыз. Одан соң дәл осы ережені сақтай отырып, жылдам оқуыңыз керек.



3. Ауызды ашпай сөйлеу

Бұл өте қызық жаттығу. Ерінді бір-бірінен ажыратпай, яғни ауыз жабулы күйінде бір беттік мәтінді оқып шығасыз. Әрине, барынша дауыс шығарып оқуға тырысыңыз (бірақ ауыз жабулы). Әрине, астыңғы және үстіңгі ерін арасында кішкентай ашық қуыс қалдыруға болады.

Бұл жаттығуда тілге және таңдайға көбірек күш түседі. Соның нәтижесінде тіл мен таңдай бұлшықеті шынығады. Ал кез келген шыныққан, шымыр бұлшықет икемді келетіні белгілі.

Күніне бір минут осы тәсілмен мәтін немесе өлең оқысаңыз, бір айдан соң дауысты және дауыссыз дыбыстарды анық айтатын боласыз.



4. Конфет салып сөйлеу

Құрт немесе соратын конфетті аузыңызға, бір ұртыңызға салып қойыңыз. (Жаттығуды күрделендіру үшін екі ұртыңызға екі конфет салуға болады). Енді кез келген газет-журналдың, кітаптың бетін ашып 1 минут мәтін оқып шығыңыз. Жылдамырақ оқуға және әр дыбысты анық айтуға тырысыңыз.



5. Мұрынды жауып сөйлеу

Бас бармақ пен сұқ саусағыңызбен мұрныңызды қысып тұрып, бір беттік мәтінді оқисыз. Ереже бойынша, алдымен баяу асықпай, сосын мәтінді жылдам оқып шығасыз. Әр дыбысты анық айту маңызды. Сонда ғана артикуляциялық жаттығудың әсері болады.



Бекіту жаттығуы

Бес жаттығуды аяқтаған соң бекіту жаттығуын орындауды ұмытпаңыз.

  • Тіліңізді шығарып, алдымен мұрынға жеткізіңіз, сосын иекке апарасыз. 10 рет қайталаңыз.
  • Тіліңіздің ұшын екі ұртыңызға кезек-кезек апарып, 10 рет қайталаңыз.
  • Тіліңізбен тісіңіздің сыртын айналдыра «сүртіңіз». Алдымен сағат тілімен 10 рет, кері қарай 10 рет қайталаңыз.
  • Тіліңізді сыртқа баяу шығара отырып, ұшынан бастап ортасына дейін жай тістелеңіз. 10 рет жасау керек.



Қанша уақыт дайындық қажет?

Жаттығуларды күнде орындау керек. Вокал имиджмейкер мамандары нәтиже бір айда байқалады дейді. Әйткенмен, сіз әдемі дауысты «қойып» алған соң да жаттығу жасауды жалғастыра беріңіз. Неге?

Мысалы, кәсіби биші мен өзіңіздің той-томалақтағы биіңізді салыстыра алмассыз. Бишілердің жай ырғақпен теңселіп тұрғанының өзі әдемі. Өйткені ол денесінің барлық бұлшықетін шынықтырып, икемдеп алған. Дәл сол секілді әдемі, таза сөйлеу үшін ауыз, көмекей, таңдай, бет-жақ, ерін, тілді әбден шынықтыру керек.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Денсаулығыңызды «5» қылатын бес жаттығу


Ауыз айналасындағы ӘЖІМДІ ТЕГІСТЕУГЕ 30-ақ СЕКУНД жетеді