АЯҒЫҢЫЗ ІСІП КЕТЕ БЕРЕ МЕ?

0
3 455

Антигравитациялық жаттығу көмектеседі.


АЯҒЫҢЫЗ ІСІП КЕТЕ БЕРЕ МЕ?

фотолар: ашық дереккөздерден алынды

Кейде ұйқы қанбағаннан және түнде су (немесе спиртті ішімдік, газды сусын) көп ішкеннен таңертең көзасты терісі көлкілдеп ісіп тұратынын бәрі білсе керек. Ал аяқ ше, ол неліктен кешке, түнге таяу іседі?

Рас, күндіз қалыпты боп, ал кешке ісіп аяқ киім сыймай әбігерге түсіп жататындар көп.


Себептері

  • Артық салмақ және физикалық белсенділік. Бұл ең басты және көп кездесетін себеп. Аяқтың бұлшықетіне, қан тамырларына шамадан тыс ауырлық түскенде міндетті түрде іседі. Мысалы: жүктіліктің 3-триместрінде көп жүргенде, кешке дейін бір орында түрегеп тұрып сауда (жұмыс) жасағанда, ауыр зат көтеріп ұзақ жол жүргенде аяқ іседі.
  • Қанайналымның баяулауы. Бұны лимфалық ісіну деп атайды. Адам бір қалыпта қозғалыссыз бірнеше сағат отырғанда (автобуста, көлікте, самолетте т.б.) дененің қанайналымы баяулайды да, лимфа түйіндері көп орналасқан аяқ іседі.
  • Тұзды немесе тәтті тағамды көп жеу, яғни дұрыс тамақтанбау. Адам тұзды, тәтті, майлы тағамды мөлшерінен көп жеп қойғанда, ағзасындағы су-тұз балансы бұзылады да ол аяқтың ісуіне әкеледі.
  • Алкогольді ішімдік, газды сусын ішу. Адам ағзасын токсиннен тазартып отыратын сүзгі – бауыр. Ал спиртті және газды ішімдік бауырдың жұмысын ауырлатып, тамырлар мен қан тамырларының құрылымын бұзады. Бұл ағзаның қалыпты жұмысын бұзады. Нәтижесінде дене артық сұйықтықты уақытылы сыртқа шығара алмай, ісінуге әкеледі.
  • Аяқтың қатты шаршауы. Иә, аяқ та шаршайды. Әсіресе, биік өкшелі және тар аяқ киім кигенде, балтыр мен санды қысып тұратын шалбар кигенде. Бұл аяққа қысым түсіреді, қан ағынына механикалық кедергі келтіреді.
  • Таза суды аз ішу. Ағзаның қалыпты жұмыс істеуі үшін күніне екі литр таза су ішу керектігін білмейтін адам жоқ шығар. Су ағзаны токсиндерден тазалайды, зат алмасуды жақсартады, астың қорытылуына жәрдемдеседі, ағзаның су балансын реттейді.
  • Түнде тамақтану. Түнде ғана емес, кешке күн ұясына батқан соң жеген тағамның ағзаға ешқандай пайдасы жоқ. Бұны медицина мамандары да, тағамтану ғалымдары да растайды. Түнде желінген тамақтың қорытылуы қиын, ол ертеңіне күні бойы ағзаның жұмысын ауырлатып, қалыпты жұмысын бұзады.
  • Ұйқының аз болуы. Ұйқы – дәрі, адам бір ұйықтап тұрғанда қуаты қалпына келеді, жүйкеге түскен салмақ жеңілдейді, кешегі қиын боп көрінген мәселе болмашы боп қалады т.б. Ұйқы жеткіліксіз болса, көп ауру пайда болып, ағзаның бүкіл жүйесінің қалыпты жұмысы бұзылады. Аяқтың ісуі соның бір көрінісі.


Бұның бәрі де физиологиялық қалыпты ісінуге жатады. Қалыпты ісінуде аяқтың ісігі ертеңіне басылады. Яғни ұйқы қанып, ағза толық демалып, артық су сыртқа шыққаннан кейін ісік қайтады.

Аяқтың ісінуінің басқа себептер де болуы мүмкін (бүйрек жұмысының бұзылуы, гормондардың дұрыс бөлінбеуі, қан диабеті, жүрек функциясының жіті жеткіліксіздігі, коронарлық артерия ауруы т.б.). Жалпы аяқтың ісінуі ағзадағы қандай да бір патологиялық процестен хабар береді. Сондықтан да егер аяғыңыз тек кешке емес, үнемі ісіп жүретін болса, уақытты созбай дәрігерге тексеріліңіз. Себебін анықтап, ем қабылдаңыз. Ал біз физиологиялық тұрғыда қалыпты саналатын ісінуден құтылудың жолдарын ұсынамыз.



Қалыпты ісінуден құтылу жолдары

  • Контрастық душ;
  • Тұз қосылған суға аяқты салып отыру;
  • Несеп айдайтын фитошай ішу;
  • Аяқ астына жастық қойып жату;
  • Арнайы гельдер мен мазьдар;
  • Компрессиялық шұлық;
  • Лимфодренажды массаж;
  • Аяққа арналған жаттығулар.

Жаттығу демекші, күніне 2-ақ минут уақытыңызды аяққа арналған антигравитациялық жаттығуға арнап, ісінуден оңай әрі зиянсыз түрде құтылуға болады.



1-жаттығу

  1. Бөлменің қабырғасына қарама-қарсы отырыңыз.
  2. Қолды еденде.
  3. Тізені бүгіп, қабырғаға жақындап, оң аяқты жоғары көтеріп қабырғаға қойыңыз. Денені тік ұстаңыз, шалқаймаңыз.
  4. Осы қалыпта 30 секунд тұрыңыз.
  5. Оң аяқты төмен түсіріп, енді сол аяқты жоғары көтеріп қабырғаға тіреңіз. 30 секундтан соң бастапқы қалыпқа оралыңыз.
  6. Екі аяқты бірдей қабырғаға тіреп, осы қалыпта 30 секунд тұру керек.



2-жаттығу

  1. 1-жаттығуға ұқсас, тек мұнда аяқты қабырғаға тіреген соң, аяқ саусақтарын қабырғадан ажыратып өзіңізге қарай тартасыз. Алдымен оң аяқты жоғары көтеріп қабырғаға қойыңыз, тізе бүгілмеуі керек. Күшті табанға салып, аяқ ұшын өзіңізге қарай барынша тартасыз. Осы қалыпта 30 секунд тұрып, төмен түсіресіз.
  2. Сол аяқты қабырғаға қойып, саусақтарды барынша иесіз, табан қабырғадан ажырамауы қажет.
  3. Осылай екі аяқты да қабырғаға қойып, аяқ ұшын төмен қарай түсіріңіз.



3-жаттығу

  1. Бастапқы қалып. Сол аяқтың тізесін жазып, табандарды қабырғаның төменгі жағына (балтыр, сан, тобық еденде) қойыңыз. Ал оң аяқты жоғары көтеріп қабырғаға қоясыз.
  2. Оң аяқпен қабырғада сағат тіліне қарама-қарсы бағытта шеңбер «сызып», сол аяққа апарып біріктіресіз. 7 рет қайталаңыз.
  3. Оң аяқты енді сағат тілі бағытында қабырғамен сырғыта отырып еденге қоясыз, табан қабырғаға тіреулі, ал тізе бүгілмейді.
  4. Сол аяқты жоғары көтеріп қабырғаға қойып, сағат тілі бағытында шеңбер «сызасыз». Оң аяққа жеткізіп, қайтадан жоғары көтеріп қабырғаға тірейсіз. 7 рет қайталаңыз.


Аяққа күш түскенде, аяқ бұлшықеттері шаршағанда, бір орында ұзақ отырып жұмыс істегеннен соң, яғни физиологиялық қалыпты ісіну кезінде осы жаттығуды орындаңыз.

Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

ҮШЕУІ БІРЕУІНДЕ: 3 жаттығуды алмастыратын БІР жаттығу бар

Физиотерапевттің жаттығуы ІШ ҚАТУДЫ емдейді