ОРАЗА ұстаған адамға ЖАТТЫҒУ жасауға бола ма?

0
5 122

Қай уақытта жаттығу жасау керек: Ауызашарға дейін әлде кейін?


ОРАЗА ұстаған адамға ЖАТТЫҒУ жасауға бола ма?

Күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы есік қаққалы тұр. Хаққа сеніп, парызын орындауды міндет санаған әрбір иісі мұсылман таңнан күн батқанға дейін ауыз бекітеді. Рамазанда игі істер атқарылып, Құран оқылады, ізгі ниетпен жоқ-жітікке қол ұшын созу құпталады. Сонымен қатар, адамдар жұмысын атқарып, тіршіліктерін жүргізе береді. Оған қоса кейбір жандар ораза ұстап жүріп спорттан да қалыс қалмайды. Әрине, жаттығуын орта жолдан бөлгісі келмейтіндер ораза кезінде де фитнеспен шұғылдана алады. Бірақ бірнеше ережелерді сақтағаны жөн.


Қандай жаттығуларды жасауға болады?

Алдымен, ораза ұстаған жандар жаттығуларды мейлінше азайтқаны абзал. Күн сайын жаттығу жасаудың қажеті жоқ. Фитнестің жеңіл түрін таңдаңыз, тіпті күш жұмсалатын және кардио-жаттығуларды да барынша жеңіл түрде жасау керек. Ауыз бекіткен кезде ағза әлсірейді, көмірсулардың жетіспеуінен зат алмасу баяу жүреді. Сондықтан да соңғы күшіңіз қалғанша жаттығу жасаңыз. Артық күш жұмсайтын жаттығуларды жүру, йоганың жеңіл қимылдарымен ауыстыруға болады. Өйткені баяу қимылдың өзі денеге қуат сыйлайды. Бойыңыздағы қуатты қалай жұмсау керектігін алдын-ала анықтап алу ораза ұстау кезінде қалай жаттығамын деген сұрақтың жауабын табуға көмектеседі.


Қай уақытта жаттығу жасау керек: Ауызашарға дейін әлде кейін?



Егер сіз ауызашар уақытына дейін жаттығатын болсаңыз, қауіпсіздік шегін білуіңіз керек. Жаттығулар 60 минуттан аспауы тиіс. Мүмкіндігінше желдетілген бөлмеде жаттыққан дұрыс. Күн батқаннан кейін жеткілікті мөлшерде су ішіңіз. Ағза жоғалтқан тұздар мен минералдардың орнын толтыру үшін жақсылап демалыңыз.

Мамандар ауыз ашып болғаннан кейін 3 сағат өткен соң ғана жаттығу жасауға кеңес береді. Себебі, дәл осы уақытта асқазандағы тамақтар қорытылады. Жаттығуды салқындатқышы бар бөлмеде жасасаңыз тіпті керемет. Ауызашардан кейін біршама уақыт жаяу жүрген жақсы. Бұл астың қорытылуына да септігін тигізеді.

Кәсібі спортшыларға ауыр жаттығулардан бір ай босай тұрғаны жөн. Бұл кезеңде аэробикамен немесе жеңіл би түрлерімен айналысуға болады.

Артық салмақтан арылғысы келетіндерге ең қолайлы уақыт - түнгі уақыт. Бірақ көбісінің түнгі 3.00-де ұйқыдан тұра салып жаттығу жасағысы келмейді. Бірақ бұл уақытта ұйқыдан ояну сіз үшін қалыпты болса, онда су ішіп алып, 30-45 минуттық кардио-жаттығуды өз әліңізге қарай жасап көріңіз. Жүгіру жолы (беговая дорожка) арқылы жүруге де болады.

Сондай-ақ, спринт сияқты қысқа кардио-жаттығулар Рамазан айында да жасауға болатын ыңғайлы жаттығу. Ол бар-жоғы 10 минутта орындалады, соған қарамастан майды кетітіп, бұлшықетті қатайтуға едәуір әсер етеді.


Тамақтану

Көпшілігіміздің ауызашар сәтінде калориясы жоғары тағамдарға тойып алатынымыз рас. Алайда мамандар Рамазан айында тамақты тойып жеп алудың дұрыс емес екендігін айтады. Біз ағзамыздың күні бойы нәр сызбағанын ұмытпауымыз керек. Ал көп мөлшерде тамақ жеу асқазанға ауырлық етеді. Сондықтан да ауыз ашқан сәтте алдымен су ішіп, бірнеше түйір құрма жеген дұрыс. Осы кезде асқазан тағамды қабылдауға, қорытуға дайындалады. Ауызашарда ақуызға бай балық, құс етінен жасалған тағамдар мен сорпа ішкен пайдалы. Көкөніс пен жеміс-жидек жеуді әдетке айналдыруды ұмытпаңыз. Бастысы Рамазан айында ағзаны дұрыстап қуаттап отыру керектігін біліп жүріңіз. Сондықтан да денсаулығыңызға пайдасын тигізетін тағамдарды тұтыныңыз, өйткені, ол сіздің дене бітіміңізді де қалыпты формада ұстауға ықпал етеді.

Ауыз ашқаннан кейін суды барынша көп ішіңіз, тіпті шөлдемесеңіз де. Ал кофеден бір ай бас тартуға кеңес береміз. Себебі кофеин денені құрғатады. Әсіресе, күндіз жаттығу жасауды қалайтындан осыны ескергені жөн.


(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)

Дайындаған: Н.НАЛТАЙ,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Фитнеске арналған ЕҢ ПАЙДАЛЫ 100 лайфхак


ФИТНЕС ЗАЛҒА БАРУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ: Сүлгімен жаттығу