​Тыныштандыратын ДӘРІНІ АЛМАСТЫРАТЫН 3 минуттық жаттығу

0
3 793

Барлық жастағы адам орындауына болады.


​Тыныштандыратын ДӘРІНІ АЛМАСТЫРАТЫН 3 минуттық жаттығу

фото: sportivnyjexpert.ru

Тәніңіз ауырса бағасына қарамай ауруды тез басатын дәрі іздейсіз. Солай ма? Ал жаныңыз ауырса ше?

Осы орайда емдік әсері керемет, ағзаны ғана емес, миды, жүйкені, жүйрік ойды аз уақытта тыныштандыра алатын дәрі секілді әсер ететін жаттығуды ұсынбақпыз. Жаттығу тән мен жанды бір сәт демалдырып қана қоймай, ойды да тоқтата алады.

Француз математигі, физик, философ және теолог Блез Паскаль «Егер адам бір сәт тыныштықты сақтап, терең-терең тыныс алуды әдетке айналдырса, ол мәселелерін оңай шеше алар еді. Сонымен қатар денсаулығын да түзейді» дейді.

Бұл жерде ұлы физик тыныс алу мен тыныштықтың кез келген мәселелерден дұрыс жол табуда таптырмас психологиялық әдіс екенін меңзейді. Иә, тыныштық пен дұрыс тыныс ала білген адам көп аурудың алдын алады.

«Күйбең тірлікте қалай гармония табуға болады?» деп аталатын кітаптың авторы, Оксфорд оқымыстылары Марк Уильямс пен Денни Пенман да күнде бір мезгіл ой мен бүкіл ағзаны босаңсыту арқылы өмірді жеңілдетуге болатындығын айтады. Олар мынандай үш минуттық жаттығуды ұсынады.

фото: i.pinimg.com

Орындалуы

Үш минуттық медитациялық жаттығуды орындау үш қадамнан тұрады.

1-қадам: Отырыңыз немесе шалқаңыздан түсіп жатыңыз. Я болмаса тік тұрсаңыз да болады. Сізге қай қалып ыңғайлы? Біреуін таңдаңыз.

Көздеріңізді жұмып, бірнеше рет терең-терең тыныс алыңыз. Ойыңызды мәселелерден босатыңыз. Ол үшін мына сұрақтарды өзіңізге қойыңыз:

  • Жан-дүниемде не болып жатыр?
  • Менің басымда дәл қазір қандай ой пайда болды?
  • Нені сезіндім? Жайлылықты ма, әлде дискомфортты ма?

Осындай сұрақтарға жауап іздеңіз, бірақ ешнәрсені (пайда болған ойды, дискомфортты т.б.) өзгертуге тырыспаңыз. Бұл сұрақтар сізге тіршіліктің мәселелерін бір сәт ұмытуға көмектесу үшін қажет.

2-қадам: Ойыңызбен ішкі ағзаларыңызды шарлап шығыңыз. Сосын қарныңыздың кез келген бір тұсына ойыңызды шоғырландырыңыз да, дәл сол жеріңізбен тыныс алыңыз.

Қарныңызды сыртқа кере тыныс алып, ауаны сыртқа шығарарда барынша қарын бұлшықетін ішке тартып жиырыңыз. Осы сәтте ішкі ағзаңыздағы ауаның қозғалысына мән беріңіз. Тыныс алу ритмін бақылаңыз.

3-қадам: Ауаны мұрныңызбен емес, бүкіл ағзаңызбен жұтып, барлық денеңіз тыныс алып жатқанын сезініңіз. Бүкіл ағзаңыз мұрныңызға айналғандай елестетіңіз. Сонда бүкіл денеңіз тыныс алып, күні бойы жиналған ауыр ой мен шаршағандық жылдам басылады.

Осы тұста айтып кетейін, қай мүшеңізді тұсы ауырсынып немесе басқадай белгі бергенін байқай біліңіз. Және осы мүшеңізбен бірнеше рет бірқалыпты әрі терең тыныс алыңыз да, көзіңізді ашыңыз.

Бұл жаттығуға күніне үш-ақ минут бөлу жеткілікті. Алғашқыда үйренгенше 7-10 минут уақыт жұмсауыңыз мүмкін, бірақ кейін күнде қайталай берген соң 3-ақ минутта аяқтайтын боласыз. Күніне бір рет, қажет болса екі-үш рет орындауға болады.



Пайдасы:

  • 3 сағат ұйықтап тыныққанмен бірдей;
  • психологиялық және физиологиялық блоктарды алуға көмектеседі;
  • стресті қуады;
  • ашуды басады;
  • қорқынышты сейілтеді;
  • күйзелістің алдын алады;
  • шашыраған ойды жинақтайды;
  • жүрек тынышталады;
  • жан мен тән демалады;

Жаттығудың нәтижесін жылдам көре алмасаңыз, дұрыс жасай алмасаңыз өзіңізді жазғырмаңыз. Жаттығуды үйрену үшін жай ғана тыныс алуға ойыңызды шоғырландырсаңыз жетеді. Тыныс алу ритмін тек бақылаңыз, осы ғана.

Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Қарттарға арналған ПАЙДАСЫ ЗОР жаттығулар

Қарындағы МАЙДЫ жылдам «ЕРІТЕТІН» 4 жаттығу