​Қарттарға арналған ПАЙДАСЫ ЗОР жаттығулар

0
6 971

Секірудің, жүгірудің, еңкеюдің қажеті жоқ.


​Қарттарға арналған ПАЙДАСЫ ЗОР жаттығулар

Фотолар ашық дереккөздерден алынды.

Дәрігерлер адамның денсаулығын оның қимыл-қозғалысына, жүрісіне, сөйлеген сөзіне қарап аңғаруға болады дейді. Рас. Кеш дамыған баланың жүрісі, сөйлеу мәнері баяу болады. Көзі нашар көретін, есту мүшесінде ақауы бар жасөспірімнің қимылы басқаша боп келеді, есте сақтауы да нашарлау. Ал арнайы мамандар бұндай балаларға нейрожаттығуларды ұсынады.

Бұл есте сақтау, көру, ойды шоғырландыру қабілеттері мен денсаулық күйі тығыз байланыста екенін ұқтырады. Демек, қарт адамдар бойдағы қуатты сақтау үшін, ширақ қимылын жоғалтып алмас үшін көру, есте сақтау қабілеттерін шынықтырып отыруы қажет.

Әрине жасы 70-80-ге келсе де жады көмескіленбеген, ойы жүйрік, көзі қырағы, сөзі, жүрісі түзу қарттар бар. Сіз де қарттық кезеңде ерте таяққа сүйеніп қалғыңыз келмесе, ойлау және басқа да сезім қабілеттеріңіз жас қалпында сақталғанын қаласаңыз, нейрожаттығулармен миды шынықтырып отырыңыз.


Біз әсері зор, бірақ орындалуы оңай төрт жаттығуды ұсынамыыыз. Тұрақты түрде күніне бір рет орындаңыз. Бірер минут қана жұмсалады.



1. Түрлі-түсті мәтін

Түрлі-түсті мәтіндегі түстерді қатарынан атап шығасыз, бірақ мәтінді оқымайсыз. Сосын түрлі-түсті мәтіндегі сөздерді іштей оқыңыз, артынша мәтіндегі сөздің түсін дауыстап айтыңыз.

Соңына дейін осы ереже бойынша мәтіндегі барлық сөздің түсін атау керек. Бастапқыда қиын боп көрінгенімен, қайталай берген соң миыңыз жаттығып, оңайланады.

Пайдасы: Мидың екі жарты шарының (оң жақ және сол жақ) байланысын арттырады, шынықтырады. Көздің көру қабілетін жақсартады. Зейінді шоғырландырады. Сонымен бірге қарттарда көп кездесетін альцгеймер ауруының алдын алады. (Медицинадағы альцгеймер ауруын қазақтар «алжу, алжыды» деп атайды).



2. Шульте кестесі

Шульте кестесін науқасқа психодиагностика қою үшін неміс психиатры және психотерапевт Вальтер Шульте ойлап тапқан. Кейіннен оны барлық психотерапевтер қолданып, тәжірибеден өткізеді. Пайдасына көз жеткізген соң тек үлкендерге емес, кішкентай балаларға да ұсыныла бастайды. Бүгінде көптеген ел мектептерінде баланың есте сақтау қабілетін дамыту үшін Шульте кестесі қолданылады.

Кесте бес қатардан, бес бағанадан тұрады, 1-ден 25-ке дейінгі сандар болады. Назарды кестенің дәл ортаңғы торындағы санға қоясыз, сонымен бірге барлық кестені түгел көре алуыңыз қажет.

Тапсырма: Кесте көзден 30-35 см қашықтықта болуы тиіс. Сандарды өсу ретімен жылдам табу керек. Қол қимылдамайды, тек көзбен іздейсіз қажетті санды. Табылған сандарды көзбен белгілеп отырасыз (дауыстап немес іштей айтпайсыз).

Пайдасы: Ақпаратты түсіну шапшаңдығын, бірден бірнеше затты жалпылай бақылау, перифериялық көруді дамытады.

Перифериялық көру дегеніміз – визуалды өріс. Бұл көз қозғалмайтын күйде қабылдайтын кеңістіктің бір түрі. Көре отырып, сол сәтте адамның кеңістікте оңай шарлау қабілетін арттырады. Психикалық табандылықты, ерік-жігерді шыңдайды.

Шульте кестесінің түрі көп. Тапсырманы күрделендіргіңіз келсе, кестедегі 1-25 аралығындағы сандарды Рим сандарымен (V, VI, XII т.б.) алмастырып немесе араластырып жазуға болады.



3. Саусақ жаттығуы

Саусақ мимен тығыз байланысты екенін білерсіз. Мидың нейрондарының байланысын арттыратын нейрожаттығудың көбісі саусақтарды қимылдату арқылы орындалады.

Оң қолыңыздың саусағымен «бейбітшілік», ал сол қол саусақтарымен «ОК» белгісін жасаңыз. Сосын керісінше сол қол саусақтарымен «бейбітшілік», ал оң қол саусағымен «ОК» белгісін орындаңыз. Одан кейін бір мезетте екі қол саусағын бірдей қимылдатып, тиісті белгілерді саусақтармен жасауыңыз қажет. Жаттығуды бірнеше рет қайталаңыз.

Пайдасы: Жылдам ойлауға машықтандырады. Бір тапсырмадан екіншісіне тез ауысу қабілетіне үйретеді.



4. Синхронды жазу

Екі ақ парақ және екі қаламсап қажет. Екі қолыңызға екі қаламсапты ұстап, бір уақытта түрлі геометриялық фигура суретін сызуыңыз керек. Мысалы, оң қолмен шеңбер сызып жатқанда, сол қолмен үшбұрыш саласыз. Немесе бір қолмен төртбұрыш, екінші қолмен сол мезетте үшбұрыш сызыңыз. Сосын керісінше қайталайсыз. Геометриялық фигура орнына екі түрлі әріпті жазуға да болады.

Пайдасы: Синхронды жазу, сызу – мидың бір уақытта ауқымды мәселені шешуге, жылдам ойлауға үйретеді. Мидың қызметін белсендіреді, ми жасушаларын қартаюдан сақтайды.


Бұл жаттығуларды қатарластарынан кеш дамып жатқан балаларға орындатуға да болады. Пайдалы әсері бір-екі айда байқалады.

Дереккөз: dzen.ru

Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Қарындағы МАЙДЫ жылдам «ЕРІТЕТІН» 4 жаттығу

Теріңіз салбырап жатыр ма? Мына 5-еуін дағдыға айналдырыңыз