Жалқауларға арналған спорт: сөмкемен арықтау

0
4 374

Бұл - артық салмақ тастауда сіз білмейтін ерекше тәсілдер.


Жалқауларға арналған спорт: сөмкемен арықтау

фото: testosteron.pro

Барлық адам дене-бітімінің өте әдемі болғанын қалайды. Бірақ көбінесе сондай сымбатқа жету үшін жалқаулық танытып жатамыз. Әрине, спортпен шұғылданып, күн сайын физикалық жаттығулармен айналысу, дәмді тағамдардан бас тарту оңай шаруа емес. Дегенмен, «сұлулық – құрбандықты қажет етеді» деген сөз бар ғой. Тартымды сырт келбетке ие болғысы келген жан қанша қиналса да сол құрбандыққа баруы керек.

Бүгінгі тақырыбымызды біз әдейі осындай жалқауларға арнап отырмыз. Өйткені спортпен шұғылдану жайлы әңгіме бола қалса, көпшілігіңіз түрлі сылтаулар айтып, қиындықтан қашатындарыңыз анық. Сол себепті де спорттың жеңіл әрі оңай түрін ұсынамыз. Бұл жаттығулар қол терісін жиырып, артық майдан арылтады.

Рюкзакпен жаттығу

фото: pozvonochnik.org

Арқаға асылуға арналған рюкзак барлығыңызда бар шығар. Егер сөмкемен жаттығуды бастағыңыз келсе 15 минут уақытыңызды бөліңіз. Оның ішіне кітап, қойын дәптер, ноутбук және т.б. заттарды сыйғанынша сала беру керек. Содан соң жаттығуды бастаймыз.

Ауыр рюкзакты иекке жеткізу. Бұл өте тиімді әрі нәтижелі жаттығу. Қолтық астына жиналған майды кетіріп, қол терісін жиырады. Ол үшін орныңыздан тік тұрып, аяқты иық деңгейіне дейін ашасыз. Рюкзакты екі қолмен ұстап иекке дейін көтеріп, қайта түсіресіз. Шынтақты бүгіп, жиырып отыру керек.

Сөмке

Бұл жаттығуды клатчпен немесе күнделікті ұстауға арналған сөмкемен жасауға болады. Сонымен қатар, кез келген жерде жасауға ыңғайлы. Сөмкені оң қолыңызға алып, жоғарыға көтересіз. Қолды еденмен параллель жасап көтерген уақытта сол қалыпта 1-2 секунд тұрып қалу керек. Артынша қолды жай қимылмен түсіресіз.

Баспалдақ

Жаттығу орындау үшін кішкентай орындық та жарай береді. Қаласаңыз қалыпты жағдайдағы орындықты да пайдалана аласыз. Орындықтың астыңғы жағында аяқты тірейтін ағашы болса болғаны. Егер сіз бұдан алдын жаттығып жүрген болсаңыз, аяқты кереуеттің үстіне қойып да жасауыңызға болады.

Алдымен төрт тағандап тұрып алыңыз. Сосын аяғыңызды орындықтың астыңғы жағындағы тіреуішіне қоясыз да, отжимание жасайсыз. Алғашқыда шынтақты сәл ғана бүгіп жаттығуды жасасаңыз да нәтижесін береді. Ал, үйренгеннен кейін отжиманиені қалыпты жасауға тырысу керек.

Планка

фото: lisa.ru

Алдыңғы жаттығудағыдай қалыппен тұрасыз. Яғни, аяқты орындықтың астыңғы тіреуішіне қойып, планка тұрамыз. Бірақ бұл оңай жаттығу емес. Алдымен оң қолдың шынтағын бүгіп, артынша екіншісін бүгесіз. Сосын қолды бүккен қалпы тұрып қаласыз. Артынша бастапқы қалыпқа келіп, жаттығуды дәл осылай жалғастырады. Шынтақты жазатын уақытта да екі қолды бірден емес, біртіндеп, бастапқы қалыпқа келтіру керек.

Сумен жасалатын жаттығу

Су толы бөтелке бет терісін ғана жақсартып қоймай, қолдың да әдемі болуына септігін тигізеді. Аталмыш жаттығуда шынтақты бүгетін бұлшықет жұмыс жасайды.

Орныңыздан тік тұрып, жамбасты артқа қарай шығарасыз да, арқаны түзу ұстайсыз. Осы қалыпта тұрып, қолға су толы екі бөтелкені аласыз. Енді, шынтақты бүгіп, қайта жазып жаттығу жасалады. Тек асығыстық танытпау керек. Жаттығу кезінде бұлшықеттердің қалай жұмыс істеп жатқанын сезінесіз.

Тікелей соққы

Бұл жаттығуда боксшының әрекетін жасайсыз. Қолыңызға екі бөтелкені алып, алға қарай тікелей соққы жасалады. Қарсы алдыңызда өзіңіз ұнатпайтын адам тұр деп елестетіңіз де, бөмелкені барынша серпіп жаттығу жасаңыз. Жаттығудың бұдан да нәтижелі болғанын қаласаңыз, алға қөарай бір қадам жасап, жаттығуды жалғастыра беруге болады.

Гүлдер


фото: styapokupayu.ru

Қолыңызға шелекке отырғызылған гүлді алыңыз. Сосын шынтақты бүгіп, қолды өзіңізге қарай жинайсыз. Арқаны тік ұстауды ұмытпаңыз. Қолды еденмен параллель ұстап, жаттығуды жалғастыра бересіз. Енді қолыңызға үлкен шелектегі гүлді алып, еңкейіп тұрыңыз да, гүлді екі қолмен көтеріңіз. Көтерген уақытта сол қалыпта 30 секунд тұрып қалу керек.

Берілген жаттығулардың барлығын күн сайын орындайтын болсаңыз, әдемі дене-бітімге, ешқандай салбыраған терісі жоқ қолға ие боласыз. Бұл, әрине керемет нәтиже!

Дайындаған: Қ.Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ