Алматыдағы атыс: Күдіктінің банктен ғана емес, таныстарынан да миллиондап қарыз алғаны анықталды

0
520

Алматыда бес адамды атып тастаған Игор Дужновтан қарызын сот арқылы да өндіре алмай жүрген азаматтар шағымдануда.


Алматыдағы атыс: Күдіктінің банктен ғана емес, таныстарынан да миллиондап қарыз алғаны анықталды

Алматыда атыс шығарып, бес адамды бақилыққа аттандырған Игорь Дужнов банкке ғана емес, талай адамға миллиондап қарыз екені анықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Алматыда бес адамды атып тастаған Игор Дужновтан қарызын сот арқылы да өндіре алмай жүрген азаматтар шағымдануда.

Бұрынғы отбасылық досының айтуынша, Дужнов одан 35 мың еуро алып, он жылдан бері қайтармай жүр. Енді бірі қолхатпен берген 200 мың долларымды қайтармады деп әлеуметтік желіде шу көтерді.

Бес бірдей адамды атып тастаған Игорь Дужновтың отбасымен Елена Винокурова ұзақ жылдар бойы араласқан екен. Бірақ әулеттер арасындағы жақсы қарым-қатынасты қыруар ақша бұзыпты.

Игорь Дужнов Елена Винокурованың анасынан он жыл бұрын 35 мың еуро қолхатпен қарыз алған. Бірақ бұл берешекті Дужнов әлі күнге дейін қайтармаған.

"Мен Игорьдың отбасын 16 жылдан бері танимын. Менің әкем Анаиданың әкесімен дос болған. 2009 жылы әкем қайтыс болған соң, төрт күннен кейін Игорь анама келіп қолхатпен қарыз алып кетеді. Маған анам қарыз туралы бес жылдан кейін бірақ айтады. Сосын мен сотқа беріп жеңіп шығамын. Бірақ ақшаны қайтару мүмкін болмады. Сол кезде біз Игорьдің қарызға белшеден батып, дүние-мүлкінің барлығы кепілде тұрғанын көріп таңғалғанбыз", - деді ол.

Винокурованың айтуынша, айналасындағылардан қолхатпен миллиондаған ақша ала беріп, тығырыққа тірелген Дужновтың екі жыл із-түссіз жоғалып кеткен. Сол уақытта оның әйелі Демирчян полицияға арыз жазып, күйеуінің жоғалғанын қарыз берген адамдардан көріпті. Ал Игорь Дужнов болса сол уақытта Донбасстағы соғысқа барып келдім деп, жора-жолдастарына мақтанышпен айтып жүріпті.

"Неге адамдар қарызды оңай бере салды деген сұрақ туындайды. Себебі, бұл отбасы мүшелері діндар болған. Шіркеу салуға көмектесіп, қайырымдылықпен айналысқан. Ауқатты әулет болған. Демирчянның сол уақытта кәсібі дүркіреп тұрды", - дейді ол.

Винокурованың сөзінше, Анаида Демирчян екі мыңыншы жылдары Ресейден дөңгелек әкеліп, көтерме саудамен айналысқан белді кәсіпкер болған. Содан кейін бұл бизнесті күйеуіне тапсырып, сұлулық салонын ашыпты. Дегенмен күйеуінің қарызға белшесінен батқанынан әйелі хабарсыз болды дегенге сену қиын деп отыр.

"Игорьды кей адамдар жүйеге қарсы шыққан күрескер, оның бұл қылмысқа сот орындаушы, банк пен сот итермеледі деп айтып жатыр. Бірақ мен оны жақсы танитын адам ретінде айтайын. Бұл қате пікір. Өйткені Дужнов қарыз алып қайтармай үйренген адам. Осы қарыздары оған тыныштық бермеген. Сосын қылмысқа барды. Кешегі марқұмдардың орнында мен сияқты ақшаны қайтара алмай жүрген кез келген адам болуы мүмкін еді", - дейді ол.

Борышкерлердің тізімі жарияланатын арнайы сайтта Дужновтың он шақты компания мен жеке тұлғаларға қарызы бар екені көрсетілген. Сол үшін Қазақстан аумағынан шығуға тыйым салынған. Игорь Дужнов қазір қамауда отыр.