Алматыдағы атыс: Жеке сот орындаушыларының палатасы түсініктеме берді

0
258

Алматыда үй иесі қызметтік міндетін орындауға келген 5 адамды атып өлтірді.


Алматыдағы атыс: Жеке сот орындаушыларының палатасы түсініктеме берді

ERNUR.KZ. Алматыдағы қайғылы оқиғаға байланысты Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы қаза тапқан жеке сот орындаушыларының отбасылары мен жақындарына көңіл айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы Алматыда 20 қыркүйекте қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан жеке сот орындаушыларының отбасылары мен жақындарына қайғыра отырып көңіл айтады. Марқұмдардың артында отбасы және кәмелет жасына толмаған балалары қалды», делінген хабарламада.

Палатаның мәлімдеуінше, аталған үйден шығару жөніндегі орындау өндірісі екі жеке тұлғаның арасындағы келіспеушілікке қатысты болған.

«Мүлік меншігі құқығы тіркелген адам баспананы электронды сауда-саттықта сатып алған, ол бұрынғы тұрғындарды көшіріп жіберу жөнінде сотқа жүгінген. 2020 жылы 10 маусымда сот аталмыш өтінішті қанағаттандырды. Борышкерге былтырдан бері бірнеше рет сот шешімін орындау қажеттілігі жөнінде ескертілген», делінген хабарламада.

Жеке сот орындаушыларының кәсіби қауымдастығы әріптестеріне қажетті көмек көрсетіледі деп мәлімдеді.

«Баспанадан шығару жөніндегі сот шешімін орындау кезінде қайғылы оқиға болды, бес адам өлтірілді. Жеке сот орындаушыларының кәсіби қауымдастығы тарапынан қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек және толыққанды қолдау көрсетіледі. Оқиғаның мән-жайын құқыққорғау органдары тергеу жатыр», делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, Алматыда екі адамның меншік құқығына қатысты дауы бойынша сот шешімін орындау кезінде бұрынғы үй иесі қызметтік міндетін орындаумен келген 5 адамды атып өлтірді.

Қазір осы қылмыс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.