​«900 мың теңгемді қайтар дейді»: шымкенттік әйел өгей ұлының бопсалауынан шаршағанын айтады

0
1 519

«Екі жыл жұмыссыз қалған әкелерін асырадым, өздерін пәтерімде тегін тұрғыздым. Оны есепке алмай отыр»


​«900 мың теңгемді қайтар дейді»: шымкенттік әйел өгей ұлының бопсалауынан шаршағанын айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Бірінші бақ – бақ...» демекші, қыздай қосылған, жастықтың жалынымен талай қиындықты еңсеріп, барды да, жоқты да бірге көрген күйеуге ешкім тең келмейді екен. Дегенмен тағдыр одан ерте айырса, амалсыз көнесің. Тірі адам болғасын тіршілігіңді жасап, бақытты болуға талпынасың. Мен де күйеуім қайтыс болғасын екінші рет тұрмысқа шықтым. Әйелі қайтыс болған кісіге. Бірақ соным үшін қатты өкінем», - дейді Жанар есімді әйел.


Шымкенттік оқырманымыз екінші күйеуімен болған оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Студенттік жылдары бас қосқан күйеуім Бейбітпен алты жыл отастық. Марқұм өте жақсы адам еді, қызы екеуміз дегенде шығарға жаны бөлек-тұғын. Талай нәрсені бірге көрдік. Алты жылдың ішінде екі сәбиімізді жерге бердік. Бірінен кейін бірі шетінеп, еңсемізді езіп тастады. Мен ғой іштегі қайғыны жылап шығардым, ал Бейбіт бәрін ішіне жұта берді ме, жүрегі ауыратынын бізге білдірмей, ұйықтаған күйі оянбай қалды. Екі перзентімнен, күйеуімнен айырылу маған да оңай соқпады. Ата-енем мен қайынағаларым «бауырымыздың басын жалмады, отбасымызға тек қасірет әкелді» деп қарайтындай, маған деген қарым-қатынастары өзгеріп кетті. Жылдық асын өткізгесін «төркініңе кетем десең жолыңды бөгемейміз» деп ашып айтты.


Әкем марқұм мықты кісі еді, ауылға сыйлы, көпшілікке сөзі өтетін адам болған. Мені өзі көшіріп әкеп, төркінімнен екі көше ары жерден үй әперіп, қызымыз екеумізді отырғызып қойды. Обалы не керек, төркінім менің көңіліме қарап, бетіме қарсы келген емес. Ішіп-жемнен кенде болмадық. Қызым мектеп бітіргенше айттырып келген ешбіріне назар аудармадым. Бар ойым Бейбітімнен қалған бір тал гүлімді жат көзден, бөтеннің түртпектеуінен қорғау еді.

«Әй, бетіңнің қызылы барда тұрмысқа шық, қызың ертең күйеуге кетсе не істейсің? Сол кезде өкінесің» деп әке-шешем айта-айта ана дүниеге аттанып кетті.


Бұл уақта бауырларымның бәрі үйлі-жайлы боп, ұл-қыздары ержетіп, өз арбаларын өздері сүйреп кеткен. Маған қарайласуға шамалары жоқ. Бар күшімді жинап, қызымды өсіру үшін қаладағы базарға саудаға шықтым. Киім сатам, ауылдан келіп жұмыс істеу күн суыта бастағанда қиындады. Жанымда бірге істейтін құрбы келіншек «Қызың болса келесі жылы мектеп бітіреді, қалада пәтер жалдап тұра ма, кімнің қолында жүреді? Одан да осы бастан әрекетіңді жасап, ауылдағы үйіңді сатып, қаладан там алсайшы» деп ақыл қосып жүрген. Ауылдағы үйді сатып, өзімнің жиған-тергенімді қоссам екі бөлмелі пәтер келе ме, келмей қалса үйсіз қаңғып қалмаймын ба деп әрі-сәрі күй кешіп жүргенде Лесбек деген кісімен таныстым. Әкемнің қарындасы таныстырды. Жездеміздің жиені боп келеді екен, «Әй, сен әлде де ойлан, жақсы адам. Ұл-қыздарының бәрі үйлі-жайлы боп кетті, саған еш зияны жоқ» деп қоймағасын екі-үш мәрте кездестік.


Лесбек расында да мінезі жайлы, жуас кісі екен. Менен біршама үлкен. Екі қыз, бір ұл өсіріп, бәрін үйлендіріп, енді рахатын көрем бе дегенде әйелінен көз жазып қалыпты. «Екі жарты – бір бүтін болайық» деп ұсыныс білдірді. Мен оған алдыма қойған мақсатымды ашып айттым. «Қаладан үй алуым керек, мына үйді сатып кетпесем қараусыз тозып кетеді, осыған көмектесіңіз» дедім. Ол бір сөзге келген жоқ, ауылдағы үй сатылып, қаладан пәтер алғанша күтті.

Базардан соң құрбым екеуміз табанымыздан тозып жүріп пәтер іздейміз. Бірінің ақшасы, екіншісінің ремонты тура келмей, екі апта дегенде ұнайтын пәтерді таптық. Бірақ сәл қымбаттау екен, соған сәйкес пәтердің орналасқан ауданы жақсы, жанында базар, мектеп, бақша, бәрі бар. «Осыны алам» деп құрбыма ойымды айттым. Бірақ үйдің сатқан ақшасы мен жиған-тергенімді қоссам да 900 мың теңге жетпей тұр.


Мұны естіген Лесбек «мен қыздарыма айтайын, оларда ақша бар, қоса тұрар» деп қалған. Кіші қызы АҚШ-қа барып, аудармашы боп жұмыс істеп келген. «Жарайды, мен беремін, бірақ пәтерді уақытша тұруға бізге берсін» депті. Ойымда дым жоқ, келістім. Ұнатқан пәтерді алып, көңілді демдеп, Лесбектің етегінен ұстадым. Ол қала маңындағы даңғарадай жер үйінде жалғыз тұрады екен. Баласы сәл тайынсыздау ма дедім, үш рет үйленіп, ажырасыпты, қазір достарымен қалада пәтер жалдап тұрады екен. Анда-санда келіп-кеткені болмаса ашылып сөйлеспегенбіз.


Сонымен не керек, Лесбек екеуміз ауылда бір жылдай өмір сүрдік. Тура маған үйленген кезде зауыттағы жұмысы тоқтап, бос қалған. Мен азанда тұрып базарға кетем, кешке артынып-тартынып азық-түлігімді әкеліп, күйеуімді, қызымды асырадым. Бір күні мына өмір мені жалықтырды. Жұмыссыз отырысы мынау, күйеуім деп тигенім табыс таппайды, қайта менің мойныма отырып алған ғой, осы мен армандаған өмір ме деп ойладым да, «Лесбек, қалаға көшеміз, жұмысқа барып келу қиын, оның үстіне сіз де қалаға барсаңыз қарауылдыққа болса да орналасып, ақша табасыз. Қызға айтыңыз, пәтерді босатсын» деп шарт қойдым.


Екі аптада пәтерге көшіп бардық. Қызы мен баласы ауылдағы үйге көшіп алды. Мұнда келгесін де Лесбек жұмыс таппай, көпқабатты үйге үйрене алмай, арада өкпе-реніш болды. «Қара шаңырағымды бекер тастап кеттім» деп түнімен аһ ұрып шығатын. «Жұмыс жоқ болса ол үйден не пайда, нан табатын жер керек» деп мен де өкпелеп, ренжіп жүргем.


Бір күні қарауылдыққа жұмысқа кеткен күйеуім қан қысымынан қайтыс болды деген хабар алдық. Жасы келген адам, баласының күйігі бар, үйінен кеткені бар, бәрі қосылса керек, ұйықтаған күйі оянбай қалыпты. Ұл-қыздары келіп, жылап-еңіреп жүріп жерледік.


Лесбектің өмірден өткеніне міне, бір жылдан асты. Бірақ баласы мен кіші қызы тыныштық берер емес. «Мына үйге біз үлес қосқанбыз, ақшамызды қайтар» деп есігімді ұрып, көршілерге мені жамандап, масқаралап жатыр. «Ақша қоссаңдар мен екі жыл әкелеріңді тегін бақтым, кірін жуып, бабын жасадым. Бір жыл осы пәтерде тегін тұрдыңдар, енді маған не дейсіңдер» деп айқайлағам. Сөйтсем баласы «осыдан қарап тұр, қызыңа да, өзіңе де тыныштық бермеймін» деп қорқытып-үркітіп кетті.


Қазір көшеде жүруге қорқамын, қызыма тиісе ме деген уайым жеп қойды. Бере салатын онша ақшам жоқ. Байға тиіп, бақытқа кенелем бе деп ойлап ем, басыма бәле боп жабысты ғой...»