«Cыйлық бермесе төсекке жатпайды»: екінші әйел бәйбішенің құпиясын жайып салды

0
6 600

«Үш балама қарамай ғашық болған азаматқа ризамын»


«Cыйлық бермесе төсекке жатпайды»: екінші әйел бәйбішенің құпиясын жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Тесік моншақ жерде қалмайды» деген әжелеріміздің сөзі рас екен. Үш баламмен енді кімге керекпін деп қиналып жүргенде жақсы жанның етегінен ұстадым», - дейді Айсұлу есімді әйел.


Бүгінде төрт ұлдың анасы боп отырған оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне өткен өмірінен сыр шертті.


«21 жасымда екі-үш мәрте көрген адамға тұрмысқа шықтым. Онымен жеңгем таныстырған, «керемет жігіт, қор болмайсың» деп мақтауын келтіргесін, алды-артыма қарамай кете беріп едім. Бірақ оңбай қателескенімді кеш ұқтым.


Үйленген алғашқы екі жылда жақсы жүрді. Айлығын уақтылы әкелетін, арасында баламызбен қыдырушы едік. Кейін айни бастады. Жиі ішетін, темекіні де тынымсыз шегетін болды. Арасында насыбай атады. Бірақ бір жақсы жері – қол көтермейтін. Бірте-бірте айлығын көрсетпейтін болды. Қайда жұмсағанын сұрасам мардымды жауабы жоқ, «айлығым қысқартылды, жұмыстан шығарып жібермегеніне қуан» деп алдаусырататын.


Итшелеп жүріп тағы екі баланы өмірге әкелдім. Көбіне төркінім көмектесетін, апта сайын үйде жүріп оқитын студент сіңлімнен ет, май сияқты ең қажетті азық-түліктерді беріп жібереді. Күйеуім де соған әбден үйреніп алды ма, үйге екі нан алып кірмейтін дәрежеге жетті. Екі жылда сіңлім оқуын бітіріп, бөлек кетті. Сол сәттен бастап қысылғанның көкесін көрдім. Үйде жейтін нан жоқ, баламды ойнатуға апарғандай боп көршілердің үйінен тамақ ішіп қайтушы едім.


Бір күні «сменге кеттім» деген күйеуім екі күн із-түссіз кетті. Телефоны сөндірулі, әшейінде бір хабарын беретін еді, бұл жолы тым-тырыс. Уайымдап, жұмысына іздеп бардым. Аман-есен жұмысында отырса, бір-екі мың теңге алып, үйге жейтін тамақ алайын деп ойладым.


Есіктен кіргеннен әріптестерінің бірі «балаң қалай, тәуір болды ма» деп жалпақтап, жағдай сұрай кетті. Сөйтсем күйеуім жұмысындағыларға «балам ауырып қалды, жағдайы тым нашар. Маған айлығымның есебінен алдын-ала 50 мың теңге беріп, екі күнге босата тұрыңыз» деп сұранып кетіпті. Ұялғаннан жерге кіріп кете жаздадым, бірақ сыр білдірмей, әртістігіме салып, бастығынан 15 мың теңге сұрап, алып кеттім.


Төртінші күн дегенде күйеуім келді. Түрі өрт сөндіргендей, әбіржіп кеткен. «Қайда болдың, неге хабарсызсың?» деген сұрағыма беті бүлк етпестен «жұмыста болдым, командировкаға жіберді» деп өтірік айтты. Әуелгіде біреумен ойнастық жасап жүрді деп күмәнданғам. Сөйтсем ол есірткіге «отыра» бастапты. Бастығын алдап, ақша алғаны да содан екен. Өзі секілді еркектермен карта ойнап, наша шегіп жүре берген.


Оның мұндай қылығын білгенде төркінімнен ағаларымды, ата-анамды, қайын жұртымды үйге шақырдым да, мәселені ортаға салып, сол күні ажырасып кеттім. Есірткіні бір көрген адамның түзелуі қиын екенін жақсы білдім. Сол себепті онымен ары қарай бірге тұрудың мәні жоқ еді. Қазір оның қайда жүргенінен ешкім хабарсыз. Тіпті туған бауырларына да айтпай, басқа жаққа кетіп қалыпты. Кейін ұрлық істеп, сотталғанын естідік.


Бір ай үйде болып, саумалы ішіп, өз-өзіме келген соң үш баламды әке-шешеме тастап, жұмысқа шықтым. Басшым жақсы адам болды, жеке пәтер жалдауыма, балаларымды қалаға әкеліп, бақшаға орналастыруыма, мектепке беруіме көп жәрдемдесті.


Арада біраз уақыт өткенде өзімнен бес жас үлкен жігітпен таныстым. Бір жылдай жақсы араласып жүрдік. Ол менен отбасы барын, екі қызы барын жасырмады. Бірақ бақытсыз екенін айтты.

«Табысты табудай-ақ табамын, бірақ берекесі жоқ. Үйге кіргеннен айқай-шу, әйелімнің қабағы бір ашылмайды. Сенесің бе, төсектес болуға ұялмастан ақша сұрайды, «көйлек әпер, алтын сыйла» деп ашық айтады.

Басында әзіл деп қабылдап, көңілін қалдырмас үшін әперіп тұрдым. Бірақ бірте-бірте араны ашылып, сыйлық бермесем менімен бірге жатпай қоятын болды. Сонда оның әйелдік парызы қайда қалды? Оның көңіліне қарап ләззат алудан шаршадым» деп шағымданды. Артынша маған екінші әйелім бол деп ұсыныс білдірді.


Біреуді жылатып қойып бақытты болмайтымды айтып, ат-тонымды ала қаштым. Бірақ ол ауылға барып, әке-шешемнің алдынан өтті. Әкеме әңгіменің ашығын айтты. «Әйеліңнен жасырып үйленгенің дұрыс емес, әуелі оның келісімін ал» деп әкем қарсы болған. «Уақыты келгенде айтамын, мен қызыңызды жылатып қоймаймын, батаңызды беріңіз» деп өтініп, ақыры көндірді.


Кейін мешітке барып, некемізді қидырдық. Қазір екеуміздің ортақ ұлымыз бар. Өз атына жаздырып алған. Үйге сирек қонады. Бірақ таңертең міндетті түрде үйге келіп, таңғы асты бірге ішіп, балаларды бақшаға, мектепке жеткізіп салады. Кешке де солай, бәрімізді үйге әкеліп, көңілімізді аулап, содан кейін үйіне кетеді. Әйелі әлі бұл жағдайдан бейхабар. Білген кезде әжептеуір ұрыс шығатынын ішім сезеді.


Менің оқиғамды оқып отырғандардың көбі мен туралы жаман ойлайтын шығар. Бірақ менің де бақытты болуға қақым бар. Үш баламмен үйленбеген жігіттің қарауы екіталай, сол себепті аса сөге көрмеңіздер.


Бұл оқиғаның тоқетер түйіні, күйеуге еркелеудің жөні осы екен деп тығырыққа тірей берудің қажеті жоқ. Күн ұзаққа нан табам деп көшеде жүрген еркекке кешкісін бір мезгіл жылы шырай танытып, еркелетіп қойғанның несі айып? Тапқанына шүкіршілік ететін әйелдер азайын кетті. Табыс таппаса да еркектің қасыңда қарайып жүргенінің өзі бір бақыт екен...»