«Мен де ойламаған жерден өз бақытымды кездестірдім»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
Осыдан он бес жыл бұрынғы оқиға есіме түсіп, көпшілікпен бөліссем деген ниетпен хабарласып отырмын. Бұл оқиғаны бүкіл ауыл, ағайын-туыс әлі күнге дейін аңыз қылып айтады», - дейді Жазира есімді шымкенттік келіншек.
Бүгінде төрт баланың анасы боп отырған әйел өмірінде көрмеген адаммен қалай бас қосқанын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
«Бір қызық оқиғаны айтып берейін. Мектепте егіз қозыдай бірге жүрген құрбым Айнұр университеттің алғашқы курсында оқып жүргенде әпкесінің үйіне қыдырып барып, сол жақта Бақытбек дейтін жігітпен танысыпты. Өзіне алыстау құда бала боп келетін жігітті бұл да ұнатса керек, қалаға келгесін екеуі бір-екі мәрте кездесіпті. Соңғы кездескенде жігіт Айнұрдан телефон нөмірін сұрайды. Ол кезде телефон деген екінің бірінде бола бермейтін еді ғой, «кешке киноға барайық, үйіңе барғанда хабарласам» деп нөмірін алған да, жөніне кеткен.
Кешкісін, уәделескен уақытта жігіт Айнұрдың үйіне қарай келсе біреулер оны күштеп көлікке отырғызып, алып қашып бара жатқанын байқапты. Артынан ілескенімен жаяу адам жүйіткіген көлікке жете алсын ба, шаңына көміліп қала беріпті. Хабарласса Айнұрдың телефоны сөндірулі. Не істерін білмей, ауылға барып, Айнұрдың әпкесі мен жездесіне хабарлауды ұйғарыпты.
«Мені алып қашқан жігіт сыныптасымның бөлесі екен, сыныптасым да ішіп алған, қызулау екен. Не істерімді білмей, біраз уақытқа дейін бақырып, көліктің ішіне алысып, сілелеп қалдым. Сосын бұлай алысқаннан пайда жоқ қой дедім де, көнген түр жасап, ауылына жеткенше үндемей бардым. Жұрттың бәрі мені өз еркімен келді деп ойлап, емін-еркін шымылдық тұрған бөлмеге кіргізіп, басыма орамал салып қойды. Түннің жарымы боп қалған, елдің алды ұйқыға кете бергенде телефонмен Бақытбекке хабарласып, мені алып кетуін өтіндім», - деп айтып берді Айнұр.
Бұл уақта Бақытбек ауылына барып, Айнұрдың жездесін ертіп алып, болашақ қайын атасы мен енесінің алдынан өтуге аттаныпты. Бақытбек те жүрек жұтқан жігіт екен, Айнұрдың әкесіне тіке қарап «Мен қызыңызды сүйемін, ол да мені ұнатады. Бірақ бүгін бір жағдай боп, мүлде танымайтын адам оны алып қашып кетті, қуып үлгере алмадым. Сізге келе жатқанда Айнұр телефон соғып, барған ауылын айтып берді. Рұқсат етсеңіз қызыңызды ол жерден алып кетіп, өз ауылыма келін еткім келеді, бізге батаңызды беріңіз» депті. Айнұрдың марқұм әкесі кесек сөзді кісі еді, Бақытбектің жүрек жұтқан батылдығына риза болса керек, ақ батасын беріп, шығарып салыпты.
Қасына достарын ертіп, Айнұрдың жездесін алдына салып, Түлкібас жақтағы қыз алып қашқан ауылға барған ғой. Асығыста жігіттің атын да, келін боп түскен көшесін де айта алмаған, «қасында мектеп бар, қызыл шатып, көк дарбазалы үй» деп үлгерген. Бақытбек көше-көшені аралап жүріп әлгі үйді тауыпты. Екі көлікпен еңгезердей алты жігіт кіріп барғанда беташарға дайындалып жатқан жұрт абдырап қалған.
«Осы үйдің үлкені кім, ортаға шықсын» деп Айнұрдың жездесі айқайлап, үйленетін жігіттің әкесі шығыпты. «Мына жігіт менің ағайын інім, ал балаңыз алып қашып келіп отырған қыз менің туған балдызым болады. Екеуі біраз уақыттан бері сөз байласып, үйленуге шешім қабылдап қойған еді. Алайда сіздің балаңыз шалалық қылып, қызды еркінен тыс үйіңізге әкеп отыр. Мәселені дұрыс түсініп, қызды бізге беріңіз, ешқайда арыз жазбай, араға адам салмай, тыныш қана кетейік» депті. Жігіттің әкесі де есті кісі екен, «бізден айып кетті, қарғамаңдар, біз де сендерге разымыз, қыз – сендердікі, сүйгендер бақытты болсын» деп ақ батасын беріп, жастарды шығарып салған.
Мен бұл кезде қаладамын, студентпін, қыздармен пәтер жалдап тұратынмын. Таң атпай есікті біреу қағады, ашсам Айнұр тұр. Жылай-жылай екі көзі ісіп кеткен. Үйге кіре сала болған жағдайды айтып берді. «Мені қазір Бақытбек алып қашып бара жатыр. Менімен бірге подружка боп жүрші, беташар өткесін Бақытбектің өзі қалаға әкеп тастайды» деп қиылып тұр. Жан құрбымның басынан осындай жағдай өткенде қалай жалғыз қалдырам, апыр-топыр киіндім де, Айнұрға ілесіп бара бердім.
Бәрі керемет болды, Бақытбектің ауылы келін келеді деп қазанын асып, малын сойып дайындалып отырған екен. Ертеңіне беташарын өткізіп, адам аяғы басылғасын қалаға қайтуға жиналдым.
«Жазира, мен бара алмайтын болдым, сені жан досым Әмірханға тапсырдым, шаң жуытпай жеткізіп салады» деп Бақытбек айтқасын еш уайымдамай Әмірханның көлігіне отырғам. Сөйтсем бұл жігіттердің о бастан құрған тұзағы екен. Жүйіткіген қара көлік дәу жолға түспей, ауылдың арғы басына қарай бұрылды. «Қазір, үйде қарындасым отыр еді, соны да ала кетейік» деп алдаусыратқан Әмірхан көлігін есіне тақап тоқтағанда өзімнің оңбай алданғанымды түсіндім. Ауылдың әйелдері орамал жауып, апалары ақ батасын беріп, менің қарсыласқаныма қарамай төргі бөлмеге сүйреп әкетті. «Айнұр мен Бақытбек келсін, әйтпесе кетем» деп долданып отырып алдым.
Бір уақта енді үйленген екі жас келіп, Әмірханды жер-көкке сыйғызбай мақтап, ақыры мені көндірді. Тұрмысқа шығам деп үш ұйықтасам да ойламаған мен осылайша құрбымның арқасында өз бақытымды таптым. Бағыма орай Әмірхан өте жақсы жан боп шықты. Оқуымды аяқтауыма мүмкіндік берді, қазір ауылда мұғалім боп істеймін. Бес баланың ата-анасымыз, тұңғышымыз биыл тоғызыншы сыныпты бітірді.
Айнұр мен Бақытбек қалада тұрады, Бақытбек қазір сот саласында қызмет етеді. Айнұр жеке кәсібін ашып, бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Он бес жыл бұрын өзі сүймеген адамға көніп қала салмай, жанкештілікпен бақытқа қол жеткізген екеуін қазір ел аңыз ғып айтып отырады».