​«Әркімнің «тряпкасы» боласың»: алматылық бойжеткен бұрынғы жігітімен болған оқиғаны айтып берді

0
1 583

«Әйелін «қыз емессің» деп күнде ұрады екен»


​«Әркімнің «тряпкасы» боласың»: алматылық бойжеткен бұрынғы жігітімен болған оқиғаны айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өмірлік жар таңдау – өте маңызды іс. Қартайғанша жаныңда бірге болатын адамың ертеңгі күні ыстыққа бірге төзіп, суыққа бірге тоңбаса, онда оңбай қателескенің. Сондықтан тұрмысқа шықпай тұрып жігіттің қандай екеніне, мінезіне, тым болмағанда сөйлеген сөзіне мән беру керек», - дейді Айша есімді ару.

Алматыдағы мемлекеттік мекемелердің бірінде есепші боп істейтін бойжеткен осыдан бес жыл бұрын басынан өткен оқиғасын ERNUR.KZ тілшісімен бөлісті.


«Ол жігітпен мені жұмыста бірге істейтін Ажар деген қыз таныстырған. «Сыныптасым, сені сыртыңнан көріп, ғашық боп қалыпты, кездесіп көрсей» деп қоймағасын, араласа бастадық. Ауылдың қарапайым баласы, ағасының үйінде жатып, қалада таксисит боп істейді екен. Күнде жұмыстан алып кетіп, саябақта қыдыртып, көңілімді аулап жүргенге тәуір жігіт екен деп уәдемді бердім.


«Қызсың ба, білегің мен төсің тым жұмсақ қой, жамбасың да жайылып кеткен» деп жігітім әңгіме арасында әзілдегенсіп түйреп өтетін. «Кетші, қайдағыны айтпай» деп мен оның алдында қызарақтап, жер шұқып қалатынмын. «Қыздыққа білек пен төстің не қатысы бар» деп іштей ойланып, біреуден сұрауға ұялып ашықауыз балапан кезім екен ғой.


Ол жігіттің сондай-сондай дөрекі әңгімесі болмаса, былайша жақсы жідгіт сияқты боп көрінген. Группалас, сыныптас қыздардың біразы тұрмысқа шығып, бәрі ақ көйлек киіп жатқанға қызықтым ба, осы жігітті ұстап, тұрмысқа шығайын деп ойладым.


Бір күні ол мені үйіне кино көруге шақырды. Киноның соңы неге ұласатынын ішім сезсе де бардым. «Қыз емессің» дей беруші еді, қыз екенімді дәлелдейін деп өзімше план құрып қойғам. Бәрі біткесін қыз болғаныма қуанатын шығар, сөйтіп мені көтеріп, құшақтап, бетімнен сүйеді, рахметін айтады деп ойлағам. Бірақ бәрі керісінше боп шықты.


«Ақымақ, қуасың ба, қыз екеніңді неге айтпадың, бәрін бүлдірдік қой» деп басын қасып отырып қалды. «Қыз болсам не бопты, қайта жақсы емес пе?» деймін, түкке түсінбей. Оның осы бір сөзі, өкініп отырған шарасыз түрі бір сәтте алып-ұшқан сезімімді су сепкендей басып тастады. «Енді мені аласың» деп жабысады деп ойлаған-ау.


Ал мен олай етпедім, ваннаға кіріп, жуынып, кішкене демалып алғасын үйіме қайтып кеттім. Екі аптаға дейін ол жігіттен хабар болмады. Қашқан түрі ғой, басқа қыздар сияқты жалынады, жүгіреді, жабысып бәле болады деп ойласа керек. Ал мен түк болмағандай жұмысыма барып-келіп жүре бердім. Өкінбедім десем өтірік болар, ішім алай-дүлей боп жанып тұрды. Бірақ сыртқа білдірмедім.


Екі аптадан кейін өзі келді. «Ауылға барып қайттым, мамам ауырып қалыпты» деп өтірігін сапырып тұр. Сөзінің соңында «Қысқасы, былай, мен пәтер жалдап, бөлек шығып жатырмын. Киімдеріңді жинап, кешке дайын отыр, сені алып кетем» деп бұйырады. «Үйленейік, үйдегілермен таныстырайын» деген әңгіме жоқ. Сонда мені тегін повар, тегін әйел ретінде пайдаланып жүрмекші ғой.


«Жоқ, айналайын, сенімен бірге тұрмаймын, сен менің адамым емес екенсің, ренжіме. Бәрін балалық, шашалық деп қабылдайық та, осымен жылы жауып қоя салайық. Саған ренішім жоқ» деп төтесінен қойып қалдым. Ол жігіт менен мұндайды күтпесе керек, түтігіп, түкірігі шашырап «Тесіліп қалған саған енді кім қарайды, әркімнің тряпкасы боласың енді, әлі маған жалынатын боласың» деп, көлігіне отырып кетіп қалды.


Шынымды айтайын ба, пәктігімнен айырылғаныма ішім түк те ашыған жоқ. Тұрмысқа шықпай тұрып шынайы бет-жүзін көргеніме қуандым. Ішімнен «саған қор болғанша қадірімді білетін адамның «тряпкасы» болғаным артық» дедім де, жұмысыма кіріп кеттім. Айналдырған 5-6 айдың ішінде бірталай оқиғаны бастан өткеріп, жұмыстан да жерініп жүрген кезім еді, сол күні арызымды жазып, шығып кеттім. Пәтерімді де, телефон нөмірімді де ауыстырып тастадым. Әріптесім Ажарға жағдайды түсіндіріп, айтып кеткем.


Арада екі жыл өткенде Ажарды ойда-жоқта емханадан кездестіріп қалдым. «Сыныптасың қалай» деп сұрадым. «Ол ма, екі жыл бұрын үйленген. Қазір бір қызы бар. Әйелі әп-әдемі, жап-жақсы келіншек. Бірақ соның қадірін білмейді, ішіп келіп ұрады екен. Оны мамасы тауып берген еді ғой, қыз болмай шығыпты. Соған күйініп ішеді екен» деп Ажар ағынан жарылды.


Ажардың айтқанын естігенде күліп жібердім. Байғұстың қатыны қыз болмай шығып, сорлап қалыпты-ау, қыз болса алақанына салып аялап ұстар ма еді? Оттапты, қыз боп шыққан менің қадіріме жеткен жоқ қой. Демек, ода сезімге адалдық, қызға, әйелге деген құрмет сияқты қасиет жоқ! Бары – осы.


Бұл әңгімемен мен қыздарға пәктіктің маңызы жоқ демеймін, келін боп біреудің есігіне барғанда адал, ақ боп барғанға ештеңе жетпейді. Тек жігітпен жақын қарым-қатынасқа түспес бұрын оның кім екенін жақсылап біліп алу керек. Ал шын мәнісінде, егер сізді ессіз сүйген адам болса «қыз екеніңді дәлелде» деп шарт қоймайды. Ондай сөзді айтқан адамдардан іргені аулақ салу керек..."