«Күйеуінің жазасын әйелі өтеп бермекші»: алматылық келіншек күйінішін айтты

0
3 460

​Бұндай әйелдер сіздің де айналаңызда бар ма?


«Күйеуінің жазасын әйелі өтеп бермекші»: алматылық келіншек күйінішін айтты

ото: syl.ru

«Тағдыр ғой», «Пешенесінде бар екен, көреді, көнеді» дегенді айтатындар көп. Бұл адамның өзін-өзі алдауы, ал өзгелердің жұбатуы емес пе? «Тағдырға бәрі жазылып қойылған» деген сенесіз бе?

Ханым есімді алматылық әйел сенбеймін дейді. Ол бұл сөзіне көршісінің өмірін мысал етті. Көршісініңі тағдыр ма, әлде ол өз тағдырын өзі жасап отыр ма?



Ханым көршісінің өмірін ERNUR.KZ тілшісіне былай баяндады:

«Көршімнің есімі – Сарбиназ. 17 жылдан бері таныспыз. Ол базарда алтын сатады. Ол кез келген әшекейді алыстан-ақ қарап таза алтын немесе алтын жалатылған бұйым екенін айыра алады. Айтуынша, бұл қасиет оған қан арқылы берілген екен. Бабасы да, атасы да зергер болған көрінеді. «Зергердің көзі өткір» демей ме, Сарбиназдың гауһар тастарды ажыратып, қай елде жасалғанын айтып, айырып бергенде таңдай қағамыз. Бірақ «көзі алмаз» келіншектің асыл тастарды айыра білгенімен, адамның жақсы-жаманын айыра алмайтыны қынжылтады. Ол алтынды тани білгендіктен материалдық жағдайын жақсартып алған. Осы қасиетінің арқасында табысы көп. Бірақ адамды тани алмағандықтан, табысының барлығын күйеулері шашты, құртты, жоғалтты. Табысын ғана құртса мейлі дер едім, көршім еркектерге өз өмірін құрбан етіп отырғанына күйінемін.

Біз көшіп келген жылы Сарбиназ тұрмысқа шықты. Пысық қыздың сол кезде екі бөлмелі пәтері бар еді. Күйеуі ауылдың баласы. Бір сөмке киіммен келіп, Сарбиназдың пәтеріне жайғасты. Қашан көрсек те Сарбиназ шапқылап жүретін, ауыр сөмке көтеріп, азық-түлік таситын үйіне. Ал күйеуі шашын қайырып тарап, туфлиін жылтыратып сүрткеннен басқа ешнәрсе істемейтін. Эгоистігін қойшы, ол Сарбиназдың үйінде талай рет опасыздық жасағанына зығырданым қайнайтын.

Сарбиназ таңертең кеткеннен үйіне кешке бір-ақ келетін жұмысбасты. Ал күйеуі түскі уақытта басқа бір келіншекті үйіне ертіп келетін. Талай рет сырттай көрсек те Сарбиназға ол туралы айта алмайтынбыз. Өйткені Сарбиназдың өзі де талай рет күйеуінің сатқындық жасап жатқан жерінен ұстап алған, бірақ онысын бізден жасыратын. Ұрысып-керісіп алған соң олар қайта татуласып, бірге өмір сүріп жататын.

Фото: avatars.mds.yandex.net

Төрт жыл бірге отандасса да араларында перзент болмаған соң Сарбиназ күйеуіне сөйлей алмайтын шығар деп топшылайтынмын. Алайда күйеуі тастап кеткенде Сарбиназдың қалай торыққанын көріп, қатты сүйетінін түсіндім. Бірақ сүйем деп, оның мазағына, азабына шыдауға болмайтын шығар.


Күйеуі әуейі боп жүрген келіншектің бірі екіқабат болып қалмағанда Сарбиназ сол күйеумен бірге өмір сүре берер ме еді кім білсін?! Күйеуімен ажырасқан соң Сарбиназ қатты күйзеліске түсті.

Уақыт – емші деген рас қой. Сарбиназ жұмысымен алданды. Көршілер шын жанымыз ашып, күйеулеріміздің достарымен таныстыра бастадық. Отбасын ойлайтын, ойы түзу, жақсы азаматтармен таныстырдық. Бірақ Сарбиназ бірін басы таз деп, екіншісін бойы қысқа, тағы бірін көзілдірік тағады деп ұнатпады. Іші пасық, сырты сұлу еркектің бірімен төрт жыл бірге тұрғанын есіне түсіріп, «Түрін қайтесің?» деп ұрыстық. Тыңдамады.

Бір күні Сарбиназ өзінен алты жас бір жігітке тұрмысқа шықты. Дұрысын айтқанда, үйіне кіргізіп, азаматтық некеде тұрып жатты. Есіл-дерті сауық пен думан бұл жігіттің бірінші күйеуінен айырмашылығы жоқ еді. Ол да жатыпішер, «дайын асқа тік қасық» біреу. Сарбиназдың тапқанын ішіп-жеп, киіп, әйелінің есебінен өмір сүруге ұялмайтын намыссыз еркек. Ол әйелінің жақсылығын білмеді.

Сарбиназ жұмыссыз, дипломсыз жігітін жетектеп жүріп, оқуға түсірді. Сыртқы, ақылы бөлімде оқытып, диплом әперді. Ал жұмысқа тұрып, өмірін өзгерткен күйеуі басқаға үйленді де кетті. Абай атамыздың тілімен айтқанда «Күшік асырап ит етті, ол балтырын қанатты».

Заңды некеге тұрмаған соң олар оңай айырылысты. Бірақ айтуға оңай болғанымен, Сарбиназдың жаны қатты жараланды. Онымен бес жыл өмірі өтті ғой. Оған жас жігітті ұмыту қиын болды.

«Жас жігітке ата-анасы ажырасқан келіншекті әпермейді», «Жас жігіт саған қорған болмайды», «Ақылың болса сені ойлайтын, жасы үлкенге тұрмысқа шық» дегенімізді тыңдамағанына өкінді. «Әлі де кеш емес. Жассың. Тек осы қателіктеріңнен сабақ алшы. Сүй, бірақ ессіз ғашық боп, еркектердің құлына айналмашы» деп ақылымызды айттық.

Фото: sharp2.stylemepretty.com

Арада уақыт өтіп жатты. 36 жасында Сарбиназ өзімен түйдей құрдас жігітпен бас қосты. Заңды түрде некелесті. Жігіт бұрын үйленбеген. Оның әке-шешесінің той жасауға шамасы болмады. Сондықтан да Сарбиназ өз тойын өзі жасады. Ақ көйлек киді. Екі айдан соң жүкті болғанын естіп қуаныстық. «Бағы ашылсын» деп, бұл одағының баянды болғанын тіледік.


Дегенмен бұл күйеуі де жұмыста тұрақтай алмады. Қызба мінезді күйеуі көпшілікпен тіл табыса алмай, жұмыс орнынан ұрысып, керісіп шығып кете берді. Басынан сөз асырмайтын, болмашыға жаға ұстасып кететін мінезі бар. Кімде мінез жоқ дерсіз, бәріміздің күйеуіміз идеал емес. Алайда олар өз қателігін, қате ісін мойнымен көтере алады, сөзінде тұра алады, сонысымен еркек. Ал Сарбиназдың үшінші күйеуі қылмысын әйелінің мойнына іліп жібере салды.

Жұмыссыз жүрген күйеуіне декреттік демалыста отырған Сарбиназ көлігінің кілтін берді. Еркектің көбісі такси айдап, отбасын асырап отыр ғой. Сол сияқты әйтеуір жұмыс істеп ақша тапсын деген...

Бірде жұмыстан келсем, көршілердің бәрі аулада. Улап-шулап жатыр. Сарбиназды полициялар алып кетіпті. Оған адам өлтірді деген айып тағылып отыр екен.

Көршілердің айтуынша, бір күн бұрын Сарбиназдың күйеуі көлігімен адам соғып, оқиға болған жерден қашып кеткен. Жолаушылардың бірі көлік нөмірін жазып алып, полицияға хабар берген. Ал көлік Сарбиназдың атында. Срңғы уақытта Сарбиназдың көлікке отырмағанын біз жақсы білеміз. Оның үстіне күйеуінің «Көлікте мен болдым деп айт. Кішкентай баласы бар ананың жазасы жеңіл болады. Мықты адвокат жалдаймын» дегенін көршілердің бірі анық естігенін айтып отыр. Өзі жасаған қылмысты әйелінің мойнына іліп жіберуге қалай дәті барды екен? Ал Сарбиназ қалайша өзі істемеген қылмысты «мойындап отыр», түсінбеймін.

Міне содан бері екі ай уақыт өтті. Сарбиназ уақытша изоляторда. Сот процесі созылып жатыр.

Осы оқиғадан кейін «тағдыр ғой», «пешенесінде бар екен» деген сөздерге сенуге бола ма? Сарбиназ өз тағдырын өзі бүлдіріп отырған жоқ па? Ол күйеуін өзінен, өз өмірінен артық көретінін білемін, бірақ оның түрмедегі жазасын өтеп беруге дейін барады деп ойламаппын. Сенбейін десем, ол басқа күйеулерінің талай былығын жауып, олар үшін талай қаражатын құртқан еді. Мейлі ғой, бірақ еркек үшін өміріңді құртуға бола ма?..»


Ханым көршісінің ессіздігіне күйініп отыр. Ол Сарбиназдың қателігі - еркекті өзінен артық жақсы көруінде дейді. Сіз не дейсіз, оқырман?


Тағы да оқыңыз:


«Мені досына сыйлап жіберген»: Жаңа жыл мерекесін жек көретін әйел ауыр тағдырымен бөлісті


«Тоғыз» үшін төбелесті»: Құдалыққа барған әйел өз ісіне өкініп жүр