​«Тоғыз» үшін төбелесті»: Құдалыққа барған әйел өз ісіне өкініп жүр

0
8 870

«Әйелдер сол үшін төбелеседі деп ойламаппын» дейді ол...


​«Тоғыз» үшін төбелесті»: Құдалыққа барған әйел өз ісіне өкініп жүр

ERNUR.KZ тілішісі хабарласып, өз басынан өткен оқиғаны айтып берген әйел бұған мұның алдында жарияланған «Әруақ тоғыз» туралы ашына айтқан келіншектің әңгімесі себеп болғанын жеткізді.

- Қазақ десе өзімізге тиеді. Осының барлығына жол беріп отырған өзіміз ғой. Бірдеңе жасасақ жұрттан асып кеткіміз келіп тұрады. Бір-бірімізбен жарысамыз да жатамыз, сонда қайда барамыз? Көптен айтқым кеп жүрген, бірақ әлеуметтік желіге жазсаң қарсы болғандар таптап кете жаздайды. Осы бір оқиғаны оқып хабарласып едім, – деген ол осынау салт-дәстүр мен жөн-жоралғы жасауда өз басынан өткен өте бір жайсыз оқиғаны баяндап берді.

Осыдан бес жыл бұрын болған оқиға оның есін қалып, жөн-жоралғыны орындауда абайлау керектігін, басқаның да жағдайы мен көзқарасына, оны қабылдауына да қарау керектігін айтады ол.

- Қай аймақтан екенімді жазбай-ақ қойсаңыздар... Оны да жұрт «сол жақтың адамдары осындай» деп біраз жерге апарып тастайды. Менің айтқым келгені, асыра сілтеп босқа шашылудан сақтанайықшы. Көз алдымнан сол оқиға кетпейді. Құдалыққа, бесік той және басқаларына барсам, сол жайт есіме түсе береді.

Осыдан бес жыл бұрын қызымды ұзаттым. Сырға салып құда түсіп келген жақтың әкелген тоғызын көрген соң енем-абысындарым «одан да күшті етіп апар, қызыңның жүзі төмен болмасын» деп жабыла кетті. Басқалардың құдалығына барып жүрсек те, өзіңнің ырымалды құдаларың болған соң уайымдайды екенсің. Оның үстіне жан-жақтан ақыл айтушылар көбейгенде тіпті, миың ашиды.

Менің сабылып жатқанымды естіген қызым «Мама, шашыла бермеңізші болмайтын нәрсе үшін» деп ескерткен. Бірақ оны тыңдаған мен болмадым. «Қазір осылай апару «мода» дегендерге еріп аямай жасадым бәрін. Шоколадты бөлек құйдырып, бетіне «Құда – мың жылдық» деп жаздырдым. Тәтті тоғыздан бөлек, күміс тоғыз дегенге таза күмістен алдырттым. Осы күмістен шықты ғой бәрі, - деген әйел бір күліп алды.

Айтуынша, таза күмістен жасалған сақина, білезіктердің бағасы да әжептеуір болғанға ұқсайды.

- Ол жақта әр тоғызды бөлек ашып, соны қыл үстінен бөліп алады екен. Тек тәттіге таласып қалғандарды көріп шошып отырсам, көрерім алда екен ғой?! Бір кезде күміс тоғызды ашқан құдағиымның абысынына бәрі бас салды. Қолынан «маған-маған» деп жұлып әкетіп жатыр. Соңынан бір білезікке екі әйелдің таласып қалғаны...Тартысып қалғанда бірі қатты сөз айтып жіберді ме, «не деп тұрсың?» деп екіншісі салып жіберді. Не болғанын түсінгенімізше екі әйел жұлыса кетсін. Бізді бір құдағи «жүр-жүрлеп» төргі бөлмеге алып кетті де, аналардың шуы біразға дейін басыла қоймады.

Қызды-қыздымен бізге, жаңа құдалар жағына арналған «сөздерді» де құлағым шалып қалды. «Әкелсе, жететін етіп әкелмей ме жұртты таластырғанша?» деген сөз қатты тиді. Көптің көзіне күліп қарап, мән бермеген түр жасап отырсам да әлгі сөз жүрегіме қадалғандай мазамды қашырды...


Құдалар жағында тоғыздың бәрін қыл үстінен бөлісіп алатын салт бар екенін айтқан ол "ондайын білгенде басқаша жасар ма едім" деп ақталады.

- Шынында неге әкелдім осының бәрін?! Осыдан байып, жыртығы жамалып кеткен біреу бар ма? Қанша шығынын айтсайшы... Әкелгендерден асып түсем деп тапқаным осы ма? Екі адамның арасындағы ренішке себеп болдым...

Не керек, құдалықтан көңілім құлазып, өзіме ренжіп қайттым. Құдалыққа ертіп барғанның бәрінің аузында сол төбелесіп қалғандар сөз болды. Көлікте мені жұбатқансып «сондай ұяты жоқтар екен, біз кеткен соң-ақ бөлісе бермей ме?» деген сайын өзімді жазғырдым. Қызымның мен үшін көңілі түсіп қалғанын көргенде жүрегім ауырып кетті.

Содан кейін қанша рет құдалық, басқа да жиындарға барғанмен сондай тоғыздардан бір сабақ жіп алмайтын болдым. Шынымды айтсам, өзіміздің осы бір салтымызды жек көріп кеттім, - дейді ол.

Енді ұлын үйлендіргелі отырған әйел осындай салттардың бірін де жасамаймын деп бекініп отыр.

- Ұлымның жіп тағып жүрген қызы бар. Жақында құда түспекпіз. Мынау пандемияның аяғы басылса, ұзатып алып келеміз деген ниетіміз бар. Құдағилар жеке танысып, кішігірім кеңесіп алдық. Бірімізге артық ұсақ-түйек апармаймыз. Атаның жолымен біз шамамыздың келгенінше қалыңмал береміз, олар да жасауларын жасайды. Тоғыздан ел мен елдің арасында тек қана дәм жүрсін деп нан мен тәттіден ғана тоғыз жасаймыз деп шештік. Бәрі де шама-шарқымызға қарай болады. Ол үшін бір-бірімізге сын айтпайтын болып келістік. Дұрысы осы емес пе?, - деген ол болашақ жоспарын да жайып салды.


«Сондай ұсақ-түйекке бола бір-бірімізбен жарысқа түспейікші. Осы бір қадірін жоғалтқан салттың жаңа, пайдалы, жағымды түрін ойлап табайық одан да. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген емес пе? Ел болып өзімізді түземесек, ешкім түзеп бермейді мұны, деген ол көпшілікке деген ниет-тілегін де қоса жеткізді.

Суреттерің оқиғаға қатысы жоқ, көрнекілік үшін интернеттен алынды

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Өлсе, қайда көмеміз?»: Қазақтың салты мен шариғатынан шатасқан шымкенттік тұрғын ойын айтты


"Үй аласың, шетелге саяхаттайсың" деп алдайды: Құқық қорғаушы ханым алаяқтардың қақпанына кімдердің түсетінін жеткізді