Аман қалғандар жоқ: Ресейде Ан-24 ұшағы құлаған жерге құтқарушылар жетті

0
276

24 шілдеде Ресейдің Амур облысында Хабаровск – Благовещенск – Тында бағыты бойынша ұшқан Ан-24 жолаушылар ұшағы радарлардан жоғалып кеткен.


Аман қалғандар жоқ: Ресейде Ан-24 ұшағы құлаған жерге құтқарушылар жетті

фото: видеодан скрин

ERNUR.KZ. Ресейдің Амур облысында Ан-24 жолаушылар ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін төтенше жағдай режимі енгізілді, деп жазады tengrinews.kz.

Аймақтық әкімшілік мәліметінше, бұл барлық күштер мен құралдарды жұмылдыру мақсатында жасалған.

Сонымен қатар, ТЖМ құтқарушылары бірнеше сағаттан кейін Ан-24 ұшағы құлаған жерге жекен, себебі апат орнына жету қиын жерде орналасқан.

Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің алдын ала мәліметтері бойынша, Амур облысында ұшақ апатынан кейін аман қалғандар жоқ.

Еске салайық, 24 шілдеде Ресейдің Амур облысында Хабаровск – Благовещенск – Тында бағыты бойынша ұшқан Ан-24 жолаушылар ұшағы радарлардан жоғалып кеткені белгілі болды.

Ресей ТЖМ мәліметінше, ұшақ Тында қаласы әуежайынан бірнеше шақырым жерде радарлардан жоғалған.

Амур облысы губернаторының мәліметінше, "Ангара" әуекомпаниясына тиесілі ұшақ бортында 43 жолаушы (соның ішінде 5 бала) және 6 экипаж мүшесі болған. Оқиға орнына құтқарушылардың тікұшағы жіберіліп, ұшақтың жанып жатқан фюзеляжы табылған.

РБК деректеріне сүйенсек, ұшақ сынықтары Тындадан 16 шақырым жердегі тау баурайынан табылған. Mash басылымының жазуынша, іздеу тікұшағы маңайды қоршаған қалың орман салдарынан қона алмаған. Зардап шеккендерді іздеу үшін жаяу іздестіру-құтқару тобы жіберілген.

РИА Новости мәліметінше, Ан-24 ұшағы құлаған жерді әуеден шолу кезінде тірі қалғандар анықталмаған. Алайда, Амур облысының Азаматтық қорғау және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету орталығының ақпараты бойынша, жерүсті тексерісі кезінде аман қалғандар табылуы мүмкін.

Сонымен қатар, Mash басылымы апатқа ұшыраған Ан-24 ұшағының соңғы кадрлары болуы мүмкін бейнежазбаларды жариялады.