Антарктидадағы пингвиндер жылына 7 млн тоннаға дейін метан бөлуі мүмкін

0
180

Метан – атмосферадағы жылуды ұстап қалатын парниктік газдардың бірі.


Антарктидадағы пингвиндер жылына 7 млн тоннаға дейін метан бөлуі мүмкін

Фото: Euronews

ERNUR.KZ. Антарктидадағы пингвиндердің ірі колониялары атмосфераға бөлінетін метанның бұрын ескерілмеген табиғи көзі болуы мүмкін. Ғалымдардың бағалауынша, бұл құбылыстың ауқымы жылына 7 млн тоннаға дейін жетеді, деп жазады inform.kz.

Испанияның Андалусия теңіз ғылымдары институты (ICMAN) мен Гранада университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу Антарктидадағы иекбаулы пингвиндердің тіршілік әрекеті парниктік газдардың бөлінуіне айтарлықтай әсер ететінін көрсетті.

Climate and Atmospheric Science ғылыми журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, осы пингвиндердің саңғырығы ыдыраған кезде жыл сайын шамамен 490 мың тонна метан түзіледі. Бұл көрсеткіш әлемдегі барлық жағалау маңы мұхит аймақтарынан бөлінетін метан көлемімен шамалас.

Метан – атмосферадағы жылуды ұстап қалатын парниктік газдардың бірі. Оның жаһандық жылынуға әсері көмірқышқыл газына қарағанда күштірек.

Бұған дейін метан шығарындыларына қатысты зерттеулер негізінен қазба отынды пайдалану, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және қалдықтарды өңдеу сияқты адам әрекетімен байланысты салаларға бағытталған. Алайда жабайы жануарлардың үлкен топтары да органикалық қалдықтардың жиналуы мен ыдырауы арқылы метанның табиғи көзіне айналуы мүмкін.

– Он мыңдаған пингвин шоғырланған колонияларда жиналатын құс саңғырығы метанның өте көп бөлінетін ошақтарын қалыптастырады. Бұған дейін мұндай жерлердегі шығарындылар тікелей өлшеніп, нақты бағаланбаған. Біздің зерттеуіміз осы құбылыстың ауқымын анықтауға мүмкіндік берді, – деді зерттеудің жетекші авторы, ICMAN-CSIC ғылыми қызметкері Алехандро Роман.

Ғалымдар зерттеу барысында Оңтүстік Шетланд аралдарына кіретін Десепшен аралындағы пингвиндердің екі ірі колониясында газ көлемін тікелей өлшеген.

Сонымен қатар арнайы оптикалық датчиктер орнатылған дрондардың көмегімен құс саңғырығы жиналған аумақтардың картасы жасалып, пингвиндердің саны есептелген.

Зерттеушілердің пікірінше, егер бұл көрсеткіштер Антарктидадағы пингвиндер мекендейтін барлық құрлық аумағына қолданылса, метан шығарындыларының көлемі бірнеше миллион тоннаға жетуі мүмкін.

– Біздің бағалауымызша, бұл көлем жылына шамамен 7 млн тонна метанға дейін жетуі ықтимал. Мұндай көрсеткіш жануарлар тіршілігімен байланысты басқа да ірі табиғи метан көздерінің, мәселен, термиттердің жаһандық шығарындыларымен шамалас, – деді DICHOSO жобасының жетекшілерінің бірі Эмма Уэртас.

Зерттеу авторлары пингвиндер колонияларынан бөлінетін метанды парниктік газдардың әлемдік есебіне енгізу қажет деп есептейді.

Сондай-ақ олар климаттың өзгеруі пингвиндер санына және олардың саңғырығын ыдырататын топырақ микроорганизмдеріне қалай әсер ететінін қосымша зерттеуді ұсынады.

Ғалымдардың айтуынша, бұл құбылысты тереңірек түсіну Антарктиданың жаһандық климат жүйесіндегі рөлін дәлірек бағалауға мүмкіндік береді.