Зерттеу барысында әлемнің 1300-ден астам қаласы талданды.
Фото: magnific.com
ERNUR.KZ. Климаттың өзгеруі адамдардың ұйқысына әсер етуде. Жаңа зерттеу бойынша, әлем тұрғындары ыстықтың салдарынан жылына орта есеппен 56 сағат ұйқыдан қағылған, деп жазады stan.kz.
Climate Central ұйымының жаңа зерттеуіне сәйкес, 2020–2025 жылдар аралығында әлем тұрғындары жоғары температураның әсерінен жылына орта есеппен 56 сағат ұйқыдан айырылған. Бұл шамамен жеті толық түнгі ұйқыға тең.
Зерттеу барысында әлемнің 1300-ден астам қаласы талданды. Нәтижесінде олардың басым бөлігінде түнгі ыстықтың салдарынан жоғалатын ұйқы уақыты 1970-жылдардың басымен салыстырғанда кемінде екі есе артқаны белгілі болды.
Ұйқының ең көп бұзылуы Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде тіркелген. Бұл өңірлердің тұрғындары аптап түндердің кесірінен жылына орта есеппен 55-тен 91 сағатқа дейін ұйқыдан қағылған.
Егер 1970-жылдардың басында халқы шамамен 500 мың адам болатын қала тұрғындары түнгі ыстықтың әсерінен жылына орта есеппен 46 сағат ұйқы жоғалтса, 2020-жылдары бұл көрсеткіш 50 сағатқа жеткен. Ал 2020–2025 жылдары ұйқы тапшылығы жылына орта есеппен 56 сағатқа дейін артқан. Зерттеушілер мұндай өсімнің басты себебі климаттың өзгеруі екенін атап өтті.
Аномальды жылы түндердің әсері Еуропада да байқалады. Ұйқыдан ең көп қағылатындар – оңтүстік елдердің тұрғындары. Соңғы бес жылда Неаполь тұрғындары жылына орта есеппен 51 сағат, Афинада – 45 сағат, Валенсияда – 42 сағат, ал Лиссабон мен Марсельде 40 сағат ұйқы жоғалтқан. Солтүстік Еуропада бұл көрсеткіш төменірек: Эдинбургте – 21 сағат, Стокгольм мен Хельсинкиде – 20 сағат, Ослода – 18 сағат.
“Температурасы жоғары болса, ағза толық демалып үлгермейді”
Ұйқы – ағзаның қалыпты жұмыс істеуі үшін аса маңызды. Түнде адам ағзасы қалпына келуі керек. Алайда ауа температурасы жоғары болса, ағза толық демалып үлгермей, күйзеліс жағдайында қалады.
Зерттеу авторларының айтуынша, ұйқының бұзылуы:
- көңіл күйдің төмендеуіне;
- есте сақтау мен ойлау қабілетінің әлсіреуіне;
- еңбек өнімділігінің төмендеуіне;
- жүрек-қан тамырлары және иммундық жүйе ауруларының қаупінің артуына себеп болады.
Ұйқыға түрлі фактор әсер етеді. Дегенмен соңғы жылдары түнгі аптап ыстық климаттың өзгеруіне байланысты адам денсаулығына әсер ететін маңызды қауіптердің біріне айналып отыр. Әсіресе қалаларда "жылу аралы" құбылысы салдарынан түнде де ауа температурасы жоғары болып, адамдардың толық демалуына кедергі келтіреді.
Ұйқының азаюы бір түнмен шектелмей, уақыт өте жиналады. Сондықтан ыстық күндері ұйқының аз ғана қысқаруының өзі денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін. Зерттеулер жылы түндердің егде жастағы адамдарға көбірек әсер ететінін көрсеткен. 65 жастан асқан адамдардың ұйқысы орта жастағыларға қарағанда екі еседен көп бұзылады. Сондай-ақ табысы төмен елдердегі тұрғындар бұл әсерді жоғары табысты елдердегі адамдарға қарағанда әлдеқайда қатты сезінеді.
Мамандардың айтуынша, әйелдер мен ыстық аймақтарда тұратын адамдар түнгі аптаптың зардабын көбірек тартады. Ал температураның әрі қарай көтерілуі бұл айырмашылықты одан сайын ұлғайтуы мүмкін.


