Бұл туралы The Independent басылымы жазды.
Фото: Reuters
ERNUR.KZ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қаңтардың соңында Бангладеште әлемдегі ең қауіпті вирустардың бірі – Нипах вирусынан бір әйел көз жұмған, деп жазады inbusiness.kz.
Науқаста алғашқы белгілер 21 қаңтарда байқалған: алдымен дене қызуы көтеріліп, басы ауырған. Кейін дезориентация мен құрысу белгілері пайда болған. Бір аптадан соң әйел көз жұмды. Жүргізілген зертханалық талдаулар оның нипах вирусын жұқтырғанын растады.
Дәрігерлердің айтуынша, ол шетелге шықпаған. Алайда вирустың белгілі жұғу жолдарының бірі саналатын шикі финик пальмасының шырынын ішкен. Қазіргі уақытта науқаспен байланыста болған 35 адам медициналық бақылауға алынды.
Бангладештегі ахуал Үндістанның Батыс Бенгалия штатында тіркелген жұқпалы жағдайлар аясында ушығып отыр. Ол жерде вирус медицина қызметкерлерінен анықталған. Осыдан кейін Вьетнам, Индонезия, Сингапур сынды бірқатар Азия елдері әуежайлар мен шекаралардағы санитарлық бақылауды күшейтті.
ДДҰ Нипах вирусын аса қауіпті патогендер қатарына жатқызады: оған қарсы вакцина да, арнайы ем де жоқ, ал өлім-жітім көрсеткіші 75 пайызға дейін жетуі мүмкін. Вирус көбіне жарқанаттар арқылы – ластанған жемістер немесе шырындар арқылы таралады. Адамнан адамға жұғу жағдайлары сирек кездеседі.
Соған қарамастан, ұйым өкілдері халықаралық деңгейде кең таралу қаупі әзірге төмен екенін айтып, сапарлар мен саудаға шектеу енгізуді ұсынбай отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Үндістандағы Нипах вирусының өршуіне байланысты Қазақстанның барлық өткізу бекеттерінде санитарлық-карантиндік бақылауды күшейтті.


