Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
фото: Pixabay
ERNUR.KZ. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі сот 2023 жылдың қарашасында 28 жастағы Цви Коганды өлтірді деп айыпталған үш өзбекстандыққа өлім жазасын кесті, деп жазады ulysmedia.kz.
Бұл туралы Ynetnews.com басылымы Израиль билігіндегі ресми дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Бұл ақпаратқа сәйкес, үкім 30 наурыз, жексенбі күні шыққан. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде тараған аудиожазбада айыпталушылардың бірі туыстарымен – анасы және қарындасымен сөйлесіп, «біз үшеуімізге де өлім жазасы тағайындалды» деп айтқан. Алайда бұл жазбаның түпнұсқалығы ресми түрде расталған жоқ.
Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Ведомство үкім туралы ақпаратты өз дереккөздері арқылы нақтылап жатқанын хабарлаған.
28 жастағы Цви Коган — ультраортодоксалды раввин (дінді қатаң ұстанатын еврей дінбасшысы), Молдова және Израиль азаматтығы болған. Соңғы бірнеше жылда Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрып, Дубайда кошер өнімдерін сататын дүкен ашып, жұмыс істеген.
Оның жоғалып кеткені туралы ақпарат 2023 жылдың 21 қарашасында тарады. Үш күннен кейін, 24 қарашада оның денесі табылған.
Кейінірек БАӘ Ішкі істер министрлігі X әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында үш өзбекстандық азаматтың тұтқындалғанын хабарлады. Олар:
- 33 жастағы Азизбек Камлович
- 28 жастағы Олимпи Тоирович
- 28 жастағы Махмуджон Абдурахим
Сот материалдарына сәйкес, күдіктілер Цви Коганды алдын ала аңдып, кейін ұрлап, өлтіріп кеткен. Тергеу болжамы бойынша, олар Иранның арнайы қызметтерінің тапсырысы бойынша әрекет еткен. Күдіктілер раввинді Оманға алып өтпек болған, бірақ жоспарлары жүзеге аспаған. Оқиғадан кейін олар елден қашқан. Кейін Түркияда ұсталып, БАӘ-ге экстрадицияланған.
Израиль тарапы Цви Коганның өлімін “антисемиттік лаңкестік әрекет” деп таныды.