ERNUR.KZ. Құрама Штаттар және бірқатар елдер Ауғанстанды "Талибан" қозғалысы басып алғаннан кейін, ондағы әйелдер мен қыздардың тағдырына алаңдап мәлімдеме жасады, деп жазады Азаттық.
Мәлімдемеге АҚШ-пен қатар, Австралия, Албания, Аргентина, Бразилия, Ұлыбритания, Гватемала, Гондурас, Еуропалық одақ, Канада, Колумбия, Коста-Рика, Жаңа Зеландия, Норвегия, Парагвай, Сальвадор, Солтүстік Македония, Сенегал, Чили, Швейцария және Эквадор елдері қол қойды.
"Біз ауған әйелдері мен қыздарының тағдырына қатты алаңдаймыз. Олардың еркіндігі, білім алу және жұмыс істеу құқығы шектеледі ме деп қауіптенеміз. Біз Ауғанстанды билеп отырғандардан олардың еркіндігі мен бостандығына кепілдік беруін талап етеміз", – делінген мәлімдемеде.
1996-2001 жылдары тәліптер Ауғанстанды басқарған кезде, әйелдерге жалғыз көшеге шығуға тыйым салынған. Олардың жұмыс істеуіне, білім алуына шектеу қойылды. Әйелдерге бетін, денесін толық жауып жүретін бурка киюге міндеттеді. Бұл ережені бұзған әйелдерді өлім жазасына кесетін.
Өткен аптада БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары ауған қыз-келіншектерінің тағдырына алаңдайтынын жеткізген. Ұйым мәліметінше, елден қашуға мәжбүр болып жатқан халықтың 80 пайызы әйелдер мен балалар.