Германия үкіметі балалардың интернеттегі қауіпсіздігін күшейтуді жоспарлап отыр.
ERNUR.KZ. Ұсыныстар қатарында 13 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салу, жасөспірімдерге бірқатар шектеу енгізу және бастауыш сынып оқушыларына жасанды интеллект туралы түсінік беретін арнайы бағдарлама әзірлеу бар. Министрлер кабинеті реформаның негізгі бағыттарын мақұлдағанымен, тиісті заңдар әлі қабылданған жоқ, деп жазады inbusiness.kz.
Еуропалық одақ көлемінде ортақ ережелер бекітілгенше, Германия өз шектеулерін енгізбек. Тек балаларға арнап жасалған платформаларға ерекшелік берілуі мүмкін. Ал 13 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер үшін бірнеше деңгейден тұратын шектеулер қарастырылған. Дегенмен олардың нақты талаптары әзірге белгіленбеген.
Үкімет платформаларды балалардың қауіпсіздігін әуел бастан ескеруге міндеттемек. Атап айтқанда, алгоритм арқылы ұсынылатын контентті әдепкіде өшіру және пайдаланушыны ұзақ уақыт экран алдында ұстауға бағытталған мүмкіндіктермен күресу ұсынылып отыр. Олардың қатарына жаңалықтар таспасын шексіз айналдыру және видеоларды автоматты түрде ойнату функциялары кіреді.
Тағы бір бастама – "ЖИ-Seepferdchen" бағдарламасы. Оның атауы Германияда балалардың жүзуді меңгергенін білдіретін арнайы белгіге ұқсатып қойылған. Бағдарлама бастауыш сынып оқушыларына жасанды интеллект қолданбаларын ажыратуды, олардың мүмкіндіктері мен қауіптерін түсінуді және бұл технологияны саналы түрде пайдалануды үйретуге бағытталған.
Әзірге бұл – болашақ саясаттың негізгі бағыттары ғана. Жаңа шектеулердің нақты қашан күшіне енетіні белгісіз. Bitkom ұйымы жүргізген сауалнамаға сәйкес, Германия тұрғындарының 79 пайызы балаларға арналған "ЖИ-Seepferdchen" бағдарламасын пайдалы деп санайды.


