Германия жолдары 2020 жылы бастап ақылы жүйеге ауысады

0
1 276

Еуроодақтың көптеген елінде күре жолдар ақылы.


Германия жолдары 2020 жылы бастап ақылы жүйеге ауысады

ERNUR.KZ. Еуропа елдерінің арасында тек Германияда ғана саяхатшылар әлі күнге дейін тегін жолдың рахатын көріп жүр, деп жазады 24.kz.

Мысалы, Швейцария, Австрия, Италия, Польшаға жол тартсаңыз, автобан үшін ақы төлеуге дайын болыңыз. Алайда бұл тізімге Германия әлі енген жоқ. Жергілікті билік аймақтағы жолдарды 2020 жылдың қазанынан бастап ақылы қылмақ. Оған дейін көлік иелері арнайы рұқсат қағазын сатып алуы тиіс. Оның бағасы темір тұлпардың көлемі мен күшіне қарай құбылады. Сарапшылардың пайымдауынша, 10 күнге алынған виньетканың құны 15 еуродан аспауы керек. Десе де жергілікті тұрғындар бұл өзгерісті құп көреді.

- Немістер Италия, Австрия, Франция немесе Швейцария арқылы жүрсе, ақы төлейтін болады. Бізге келген қонақтарға да неге солай істемеске? Сондықтан мен автобан туралы заңның қабылдануын толығымен қолдаймын, - дейді Джон есімді жүргізуші.

Бүгінде жүк көлік иелері автобан үшін төлейді. Одан түскен қаражат жол күтіміне жұмсалады. Жеңіл көліктерден жиналатын кіріс те осы мақсатқа жараса, нұр үстіне нұр болар еді. Жалпы жолдың сапасына көңілім толады, - деді полиция қызметкері Зиги.

Жолдар ақылы болғанымен, есесіне көлікке төленетін салық мөлшері азаймақ. Сондықтан жергілікті тұрғындар үшін бұл өзгеріс аса сезіле қоймайды. Негізгі төлем шет елден келгендерден түспек. Алайда Еуропалық сот бұл жайында: «Бұл шешім өзге ел азаматтарын кемсіту болып саналады», ­ дейді.

- Австрия мен Нидерландтың Германия Федеративтік Республикасына қарсы берген арызы қарастырылды. Германияның ақылы автобан туралы заңы Еуропалық одақтың заңнамасын бұзып отыр, - дейді Еуропалық соттың президенті Кун Ленартс.

Жоба құжат жүзінде бекітілмейінше іске аспайды. Ал жоспардағы ақылы жолдардан түсетін 4 млрд еуро жаңа күре жолдардың салынуы мен жөндеу жұмыстарына жұмсалмақ.