Ильхам Әлиев Санкт-Петербургтегі ТМД саммитіне барудан бас тартты

0
100

22 желтоқсанда Санкт-Петербургтегі ТМД елдері басшыларының бейресми саммиті Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевтің қатысуынсыз өтті.


Ильхам Әлиев Санкт-Петербургтегі ТМД саммитіне барудан бас тартты

Фото: Reuters

ERNUR.KZ. Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдері басшыларының бейресми саммитіне келмеді. Бұған дейін ол Еуразиялық экономикалық жоғары кеңестің отырысына да қатыспаған, деп жазады stan.kz.

22 желтоқсанда Санкт-Петербургтегі ТМД елдері басшыларының бейресми саммиті Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевтің қатысуынсыз өтті. Әзірбайжан президенті әкімшілігі Әлиев “жұмыс кестесінің тығыздығына” байланысты кездесуге бармайтынын алдын ала мәлімдеген. Бұған дейін ол Нева жағалауындағы қалада өткен Еуразиялық экономикалық жоғары кеңестің отырысына да қатыспаған. Әлиевтің әкімшілігі Әзірбайжан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болмағаны үшін бұл кездесуге қатыспағанын мәлімдеген.

Бұған дейін Кремль Санкт-Петербургтегі іс-шараларға Ильхам Әлиевтің келуінедайындалып жатқанын мәлімдеген еді. Алайда Azertag агенттігінің хабарламасынан кейін Кремль Әзірбайжан президентінің шешіміне “түсіністікпен қарайтынын” айтып мәлімдеме жасады.

“Желтоқсан айында, жаңа жыл қарсаңында барлық мемлекет басшыларының жұмыс кестесі өте тығыз”, – деді Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Ильхам Әлиев соңғы рет ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына 9–10 қазанда Душанбеде қатысқан.

Айта кетейік, Ресей мен Әзірбайжан арасындағы қарым-қатынас 2024 жылдың желтоқсанында Ақтауда “Әзірбайжан әуе жолдары”(AZAL) ұшағының апатқа ұшырауынан кейін ушыға түскен. Ол кезде азаматтық ұшаққа Украина дрондарының шабуылын тойтару кезінде ресейлік әуе қорғанысы жүйесінің әрекеті салдарынан зақым келіп, әуе кемесі құлаған.

Апат салдарынан 38 адам қаза тапты. Душанбедегі кездесуде Ресей президенті Владимир Путин ұшақтың апатына Ресейдің жауапкершілігі барын мойындап, оқиға үшін көпшілік алдында кешірім сұрап, кінәлілерді жазалауға уәде берген еді.

Екі ел арасындағы жағдай маусым айында күрделене түсті. Екатеринбургте полицияның рейді кезінде бұрынғы жылдардағы кісі өлтірулерге қатысы бар деген күдікпен Әзірбайжан диаспорасының 10-нан астам мүшесі ұсталып, олардың екеуі – ағайынды Зияддин мен Гусейн Сафаров қаза тапты. Әлиев ресейлік күштік құрылымдарды ұсталғандарды азаптап өлтірді деп айыптап, “жүрек талмасы” туралы мәліметтің жалған екенін айтты. Сафаровтардың мәйіттері отанына жыныс мүшелері кесілген күйде жеткізілген, ал сараптама олардың аяусыз соққыға жығылғанын көрсетті.

Артынша Әзірбайжан мәдениет министрлігі Ресейдің қатысуымен өтетін барлық мәдени іс-шаралар тоқтатылғанын мәлімдеген еді. Одан соң Бакуде 8 ресейлік, ал Екатеринбургте Әзірбайжан диаспорасының басшысы ұсталды.

Шілде айында Әлиев Украинаны оккупациямен келісуге болмайтынын айтып мәлімдеме жасаған. Артынша Ресейдің Әзірбайжанға “арнайы әскери операция” дайындап жатқаны туралы ақпарат тарады. Артынша Ресей армиясы Одесса облысында Әзірбайжанның SOCAR мұнай-газ компаниясының нысандарына соққы берді. Ал Әлиев Әзірбайжан соғысқа дайындалатынын мәлімдеп, елдің КСРО құрамында болған кезеңін “оккупация” деп атады.