Карантин талаптары жеңілдеген Өзбекстанда жастар жаппай үйленіп жатыр (видео)

0
661

Онлайн-өтініштің ұзақ қаралуына шыдамаған жастар кезекке тұруды жөн көрген.


Карантин талаптары жеңілдеген Өзбекстанда жастар жаппай үйленіп жатыр (видео)

ERNUR.KZ. 15 тамыздан бастап карантин талаптары жеңілдеген Өзбекстанда жастар жаппай үйленіп жатыр, деп жазады centralasian.org.

Ташкент қаласы Үштепе ауданының АХАЖ бөлімі қызметкерінің хабарлауынша, 19 тамызда түске дейін елу шақты некелесу өтініші тіркелген.

"15 тамызда азаматтарға отыз адамға үйлену тойын өткізуге рұқсат берілген соң, біздің бөлімге некелесуге келгендер көбейді. Мысалы, біз бүгін елу шақты өтініш қабылдадық. Өте көп. Әдетте күніне он шақты өтініш түсетін", - деді АХАЖ бөлімінің қызметкері.

Некелесу өтінішін онлайн тапсыруға да болады.

"Некелесу өтінішін карантин кезінде де қабылдадық. Адамдарды көп жинамау үшін біз онлайн формат ұсындық. Қалай тіркелу керектігін Әділет министрлігінің сайтынан білуге болады", - дейді Шайхантахур ауданындағы Неке үйінің қызметкері.

Алайда онлайн-өтініштің ұзақ қаралуына шыдамаған жастар кезекке тұруды жөн көрген.

Республикалық комиссия шешіміне сәйкес, 15 тамыздан бастап үйлену тойларына, салтанатты кештерге отыз адамнан артық шақыруға болмайды. Оған жақын туыстар ғана қатысады. Тазалық ережесі сақталуы тиіс.

Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, елде 36 946 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған, 273 адам қайтыс болған.