Каспий теңізінде жарылыс болды

0
696

Төтенше жағдай Әзербайжан секторындағы мұнай өндіру платформасында болған.


Каспий теңізінде жарылыс болды

ERNUR.KZ. 4 шілде күні Каспий теңізінде жарылыс болды деп жазады Azattyq Rýhy.

Төтенше жағдай Әзербайжан секторындағы мұнай өндіру платформасында болған. Оқиға куәгерлері жарылыс толқыны теңіз жағасында да сезілгенін айтады. Олар жарылысты видеоға түсіріп алған.

Қазір Каспийдің әзербайжандық секторында өрт толығымен сөндірілген.

Жарылысқа лайлы жанартаудың оянуы себеп болуы мүмкін. Осылай деп SOCAR Әзербайжан мемлекеттік мұнай-газ компаниясы болжам жасады.

Сарапшылардың айтуынша, жарылыс платформада емес, танкерде болуы мүмкін. Әзербайжанның Каспий кеме шаруашылығы да төтенше жағдайға қатысты түсініктеме берді.

«Әлеуметтік желіде танкердің жарылғаны туралы түрлі болжамдар тарап жатыр. Бұл ақпарат көпшілікті алаңдатты. Әзербайжанның Каспий теңізі кеме шаруашылығының флотына тиесілі бірде-бір кемеде жарылыс болған жоқ» , - дейді ASCO ресми өкілі Мехман Мехтиев.

Әзербайжан экология министрлігінің мамандары да жарылыстың себептерін анықтауға тырысып жатыр.

Әзербайжан ТЖМ мәліметіне сүйенсек, министрлікке теңіздегі апат туралы ешқандай ақпарат хабарланбаған.