Қатар бұған дейін бірқатар ірі жарыстарды өткізген болатын.
Фото: Anadolu Ajansı
ERNUR.KZ. Катар 2036 жылғы Жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарын өткізуге ресми түрде өтінім берді. Бұл туралы өтінімнің Халықаралық Олимпиада комитетіне (ХОК) жіберілгенін растаған Катар Олимпиадалық комиссиясы мәлім етті, деп жазады inform.kz.
Мәлімдемеде Қатардың заманауи спорттық инфрақұрылым, халықаралық ұйымдастыру деңгейіне және қажетті тәжірибеге ие екені атап өтілді. Олимпиада комитетінің төрағасы және өтінім беру комиссиясының төрағасы шейх Джуван бин Хамад Әл Танидің атап өтуінше, Ойындарды өткізуге деген ұмтылыс спорттың халықтар арасындағы өзара түсіністік пен бейбітшілікті ілгерілету алаңы ретіндегі ұлттық көзқарасты танытады.
Қатар премьер-министрі және сыртқы істер министрі Мұхаммед бин Абдуррахман Әл Тани елдің өтінімі – Ойындарды өткізуге ұмтылу ғана емес, Қатарда қабылданған «бейбітшілік үшін спорт» философиясының көрінісі екенін атап өтті. Ол сонымен қатар Қатардың алдыңғы қатарлы қауіпсіздік технологияларымен қамтамасыз етілген озық инфрақұрылымына тоқталды.
Атап өтілгендей, Олимпиаданы өткізуге өтінім беру елдің ірі халықаралық жарыстарды, атап айтқанда, қауіпсіздік, жайлылық және ұйымдастыру деңгейі бойынша жоғары баға алған 2022 жылғы футболдан әлем чемпионатын ұйымдастырудағы табысты тәжірибесінің қисынды жалғасы.
Таңдалған жағдайда Қатар Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы аймағындағы Олимпиада ойындарын өткізетін алғашқы мемлекет болады.
Қатар бұған дейін бірқатар ірі жарыстарды өткізген болатын, соның ішінде 2006 жылғы Азия ойындары, 2015 жылғы гандболдан әлем чемпионаты, 2019 жылғы жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты, 2024 жылғы су спорты бойынша әлем чемпионаты бар, сонымен қатар 2025 жылғы үстел теннисінен әлем чемпионатын, 2025 жылғы әлем чемпионатын, 2026 жылғы оқ атудан әлем чемпионатын, 2027 жылы баскетболдан әлем чемпионатын және 2030 жылғы Азия ойындарын қабылдайды.