"Көбі ұйықтап жатқан": Үндістанда автобустағы өрттен 20 адам тірідей жанып кетті

0
177

Автобус мотоциклға соғылған.


Фото: report.az

ERNUR.KZ. Үндістанның оңтүстігіндегі Андхра-Прадеш штатында туристер мінген автобус өртеніп, салдарынан 20 адам қаза тапты. Бұл туралы Hindustan Times газеті жазды, деп жазады inbusiness.kz.

Kaveri Travels компаниясына тиесілі автобуста 40-тан астам жолаушы болған. Хайдарабадтан Бангалорға бара жатқан автобус тас жолда мотоциклмен соқтығысқан.

"Мотоцикл автобустың астына кіріп кеткен, кейін жанармай багына соғылған. Салдарынан жарылыс болып, өрт автобустың ішіне жылдам тарады", – деп хабарлады полиция.

Апат болған уақытта жолаушылардың дені ұйықтап жатқан. Кейбірі оянып, терезелерді сындырған және сыртқа секірген. Алайда көбі іште қалып қойған, өйткені қызыл жалын санаулы минут ішінде бүкіл автобусты шарпып үлгерді. Жергілікті тұрғындар оқиға орнына барып, құтқарушылар келгенге дейін зардап шеккендерге көмектесуге тырысқан.
Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Алдын ала болжамға сәйкес, өрттің шығуына көлік құралын абайсыз жүргізу және жанармайдың ағуы себеп болуы мүмкін. Оқиға орнынан қашып кеткен автобус жүргізушілері іздестіріліп жатыр.