Көз жұмғандардың 58-і – Ұлттық армияның әскери қызметкерлері екені айтылуда.
ERNUR.KZ. Колумбияның Пуэрто-Легуисамо қаласында ұшақ апатқа ұшырап, кемінде 66 адам қаза тапты, деп жазады baq.kz.
Радиостанцияның мәліметінше, қаза тапқандардың 58-і – Ұлттық армияның әскери қызметкерлері, алтауы – Колумбия Әуе-әуе күштерінің сарбаздары, тағы екеуі – Ұлттық полиция қызметкерлері. Апатқа ұшыраған ұшақтың бортында барлығы 128 әскери қызметкер болған. Қазір билік өкілдері ұшақ сынықтарының арасынан мәйіттерді іздеуді жалғастырып жатыр.
Әуе күштерінің қолбасшысы генерал Карлос Фернандо Сильва Руэданың айтуынша, C-130 Hercules ұшағы Пуэрто-Легуисамодан Пуэрто-Асиске бағыт алған. Пуэрто-Легуисамода Колумбия Әскери-теңіз күштерінің базасы орналасқандықтан, әскери бөлімдер апат орнына жедел жетіп, зардап шеккендерге көмек көрсеткен.
Біз жараланғандарды тасымалдау үшін 50 зембілге арналған Колумбия Әуе күштерінің санитариялық ұшағын жібердік. Оның артынан тағы 24 зембілге арналған екінші ұшақ ұшады, – деді ол.
Жараланған әскери қызметкерлер Нейва, Флоренсия және Богота қалаларына жеткізіліп жатыр.
Елдің қорғаныс министрі Педро Санчес ұшақтың техникалық тұрғыда жарамды болғанын айтты. Оның сөзінше, әуе кемесі ұшып шыққаннан көп ұзамай апатқа ұшырап, аэродромнан шамамен бір жарым шақырым жерде тоқтаған. Министр сырттан жасалған шабуыл белгілері жоқ екенін атап өтті. Ұшақтағы өрт салдарынан әскери қызметкерлер тасымалдап бара жатқан кейбір оқ-дәрілер жарылған.
Еске салайық, бұған дейін Колумбиядағы ұшақ апатынан 34 адам қаза тапқаны туралы жаздық.


