Конго ДР-да ашулы топ Эбола шатыр-ауруханаларын өртеп жіберді

0
91

Өртелген шатырларда алты науқас ем қабылдап жатқан.


Конго ДР-да ашулы топ Эбола шатыр-ауруханаларын өртеп жіберді

Фото: Иллюстрациялық фото/ChatGPT Image

ERNUR.KZ. Конго Демократиялық Республикасының шығысындағы Эбола індетінің ошағына айналған аурухананың бір бөлігіне ашулы топ шабуыл жасап, оқшаулау шатырларын өртеп жіберді, деп жазады inform.kz.

Оқиға вирус жұқтырды деп күдікке ілінген жас жігіттің туыстары мен достарына оның мәйітін жерлеу үшін алып кетуге рұқсат берілмегеннен кейін болған.
– Олар алғашында ауруханаға тас лақтыра бастады. Тіпті артынша оқшаулау палаталары ретінде пайдаланылған шатырларды өртеп жіберді, – деді Руампара жалпы ауруханасында болған жағдайды көрген жергілікті саясаткер Люк Малембе Малембе.

Тәртіпсіздік кезінде полиция жиналғандарды тарату үшін аспанға ескерту ретінде оқ атқан.

Эболадан қайтыс болған адамның мәйіті аса қауіпті инфекция көзі саналады. Сондықтан індеттің таралуын болдырмау үшін билік қауіпсіз жерлеу рәсімдерін қатаң бақылайды.

Итури провинциясындағы Буния қаласының маңында орналасқан Руампара ауруханасының медицина қызметкерлері әскери күзетке алынған. Өйткені аймақта тіркелген жағдайлардың басым бөлігі осы өңірде анықталған.

AFP агенттігінің мәліметінше, наразылық кезінде тас лақтырғандардың кесірінен бір медицина қызметкері жарақат алған.

Эболаға қарсы қауіпсіздік шараларын үйлестіріп жүрген Жан-Клод Мукендидің айтуынша, қайтыс болған жігіт жергілікті қауымдастық арасында танымал болған.

– Оның өліміне ашуланған адамдар бұл аурудың қаншалықты қауіпті екенін толық түсінбейді, – деді ол.

Reuters агенттігінің жазуынша, көз жұмған жас жігіт бірнеше жергілікті командада ойнаған футболшы болған екен. Ал анасы ұлы Эболадан емес, іш сүзегінен қайтыс болды деп есептейді.

Малембенің айтуынша, көпшілік Конго Демократиялық Республикасының шығысында 130-дан астам адамның өмірін қиған вирустың бар екеніне әлі де сенбейді.

– Адамдарға не болып жатқаны жөнінде жеткілікті түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген. Әсіресе шалғай аудандардағы кейбір тұрғындар Эболаны сырттан келгендердің ойлап тапқан дүниесі деп санайды, – деді саясаткер.

Оның сөзінше, кейбір тұрғындар үкіметтік емес ұйымдар мен ауруханалар ақша табу үшін індетті қолдан жасап отыр деп ойлайды.

Тәртіпсіздік салдарынан жерлеуге дайындалған мәйітпен бірге екі шатыр өртеніп кеткен.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Эболадан қайтыс болғандарды «қауіпсіз әрі лайықты түрде жерлеуді» ұсынады. Мұндай рәсімдер арнайы қорғаныш киіміндегі мамандардың қатысуымен жүргізіледі.

Өртелген шатырларда алты науқас ем қабылдап жатқан. Алғашында олар тәртіпсіздік кезінде қашып кеткен болуы мүмкін деген ақпарат тараған. Алайда шатырларды басқарған Alima медициналық гуманитарлық ұйымының мәліметінше, барлық науқас табылып, қазір ауруханада ем алып жатыр.