Тірі қалған үш адам ауруханаға жатқызылған, олардың жағдайы өте ауыр деп хабарланды.
ERNUR.KZ. Куба астанасы Гаванадағы "Хосе Марти" әуежайында жұма күні апатқа ұшыраған жолаушылар ұшағында болған жүзден астам адамының үшеуі тірі қалған. Бұл туралы Куба коммунистік партиясы орталық комитетінің ресми басылымы - Granma газеті хабарлаған.
Тірі қалған үш адам ауруханаға жатқызылған, олардың жағдайы өте ауыр деп хабарланды.
AFP агенттігі жолаушылар ұшағында 104 жолаушы болған деп хабарлады, тағы бір басылымда ұшақта 107 жолаушы отырған деген ақпарат тарады. Ресми орындар әзірше апатқа ұшыраған ұшақтағы адам саны туралы мәлімет жариялаған жоқ.
Апат болған жерге Куба басшысы Игель Диас-Канель барған.
Мамырдың 18-і күні Гавана әуежайынан елдің шығысындағы Ольгин қаласына ұшып шыққан Куба мемлекеттік әуе компаниясының Boeing 737 ұшағы әуеге көтеріле салысымен көп ұзамай жерге құлаған. Кей ақпараттар бойынша, ұшақ 1979 жылы құрастырылған.
Бұған дейін Куба билігі елдегі қолданыстағы ұшақтардың көбі ескіргені, олардың кейбірі "қауіпсіздік мақсатында" пайдаланудан алынғаны туралы мәлімдеген.
дереккөз: azattyq.org