Қытай Ресейден электр энергиясын сатып алуды тоқтатты

0
87


Қытай Ресейден электр энергиясын сатып алуды тоқтатты

Ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. Қытай 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресейден электр энергиясын импорттауды тоқтатты, деп жазады Ulysmedia.kz.

Бұл шешімнің басты себебі – Ресейде өндірілген электр энергиясының экспорттық бағасы Қытайдағы ішкі нарықтағы бағадан жоғары болып кетуі. Бұл туралы «Коммерсант» газеті хабарлады.

2012 жылы Қытайдың Мемлекеттік электр желілері корпорациясы мен Ресейдің «Интер РАО» компаниясы ұзақ мерзімді келісімге қол қойған болатын. Ол 2037 жылға дейін күшінде және жалпы көлемі шамамен 100 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын жеткізуді қарастырады. Ресей жағы негізінен Қиыр Шығыстағы «РусГидро» гидроэлектростанцияларында өндірілген артық энергияны Қытайға экспорттап келген.


2012–2020 жылдар аралығында «Интер РАО» жыл сайын орта есеппен 3 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын жеткізді. Ал кейінгі екі жылда бұл көрсеткіш 4,7 миллиард киловатт-сағатқа дейін өсті. Алайда соңғы жылдары экспорт көлемі қайтадан төмендей бастады. Бұған Қиыр Шығыс энергетикалық жүйесіндегі қуат тапшылығы себеп болған.


«Коммерсанттың» дерегінше, Қытай келісімде көрсетілген ең төменгі көлем – 12 мегаваттты да сатып алудан бас тартқан. Дегенмен «Интер РАО» компаниясы Ресей мен Қытай келісімді бұзбайтынын мәлімдеді. Қазіргі уақытта тараптар электр энергиясымен сауда жасаудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруда.