Қытайда жалғыз тұратындарға арналған «Өлді ме?» қосымшасын жүктеп алушылар көбейген

0
96

Пайдаланушы қосымшада аты-жөнін және төтенше жағдайда хабарласатын адамның электрондық поштасын көрсетіп, күн сайын жүйеге кіріп, тіркелу белгісін қоюы қажет.


Қытайда жалғыз тұратындарға арналған «Өлді ме?» қосымшасын жүктеп алушылар көбейген

Фото: zaobao.com.sg

ERNUR.KZ. Қытайда жалғыз тұратын азаматтарға арналған «Өлді ме?» деп аталатын мобильді қосымша кейінгі уақытта кеңінен танылып, Қытайдағы Apple App Store платформасының ақылы қосымшалар рейтингінде бірінші орынға шықты, деп жазады inform.kz.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, «Өлді ме?» – жалғыз тұратын адамдардың қауіпсіздігін қадағалауға арналған жеңіл әрі қарапайым цифрлық құрал. Қосымшаның негізгі мақсаты – пайдаланушының күнделікті белсенділігін тіркеу арқылы төтенше жағдайлардың алдын алу. Қосымшаның бағасы – 8 юань (600 теңге).

Пайдаланушы қосымшада аты-жөнін және төтенше жағдайда хабарласатын адамның электрондық поштасын көрсетіп, күн сайын жүйеге кіріп, тіркелу белгісін қоюы қажет.
Егер қолданушы екі күн қатарынан тіркелмесе, жүйе келесі күні автоматты түрде хабарлама жібереді. Ал бірнеше күн бойы белсенділік байқалмаған жағдайда, ескерту төтенше байланыс тұлғасына жолданады.
Ресми тіркеу деректеріне сәйкес, «Өлді ме?» қосымшасын Yuejing (Zhengzhou) Technology Service Co., Ltd. компаниясы әзірлеген. Компания өткен жылдың наурыз айында құрылған, тіркелген капиталы – 100 мың юань. Жобаны 1995 жылдан кейін туған үш жас кәсіпкер іске қосқан. Компания қазіргі таңда жобаның табысты жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.
Қосымшаның ресми таныстырылымында негізгі пайдаланушылар ретінде Қытайдың бірінші және екінші деңгейлі қалаларында жалғыз тұратын жас азаматтар көрсетілген.
Сонымен қатар Beike Research Institute жариялаған «Жаңа жалғыз тұру дәуірі» атты зерттеу есебіне сәйкес, 2030 жылға қарай Қытайдағы жалғыз тұратын халық саны 150–200 миллион адамға жетуі мүмкін. Ал 20–39 жас аралығындағы жалғыз тұратын жастар саны 2010 жылғы 18 миллионнан 40–70 миллионға дейін өседі деп болжанып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, жалғыз тұратын адамдар санының артуы қауіпсіздік пен әлеуметтік қолдауға бағытталған цифрлық сервистерге деген сұранысты күшейткен.