Лейла Әлиева Әзербайжанда Қазақстанның әдебиет және мәдениет орталығын ашты

0
907

Халықаралық жобаның мақсаты - Қазақстан халқының тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрлері, экономика, саясат, әлеуметтік саладағы жетістіктері, классикалық және қазіргі заманғы проза мен поэзияның әдеби қоры жайлы білім тарату.


Лейла Әлиева Әзербайжанда Қазақстанның әдебиет және мәдениет орталығын ашты

ERNUR.KZ. VI Баку халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында Әзербайжанның М.Ф.Ахундов атындағы Ұлттық кітапханасында Қазақстан әдебиет және мәдениет орталығы ашылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Халықаралық жобаның мақсаты - Қазақстан халқының тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрлері, экономика, саясат, әлеуметтік саладағы жетістіктері, классикалық және қазіргі заманғы проза мен поэзияның әдеби қоры жайлы білім тарату.

Орталықтың ашылу салтанатына Г.Әлиев атындағы қордың вице-президенті Лейла Әлиева, Әзербайжанның Мәдениет министрі Абульфас Гараев, ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасеинов, Қазақстанның Әзербайжандағы уақытша сенімді өкілі Дархан Көшербаев, М. Ахундов атындағы Ұлттық кітапхананың директоры Керім Тахиров, Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасы басшысының орынбасары Әлия Қожабекова, Әзербайжанда тіркелген дипломатиялық миссиялардың өкілдері, шетелдік кітапханалардың басшылары, мәдениет қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Орталықта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметі, оның халықаралық саяси аренадағы рөлі туралы кітаптары, сонымен қатар белгілі қазақстандық авторлардың қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі жұмыстары қойылды. Кітапханаға барлығы 200-ден астам кітап сыйға тартылды. Бұл кітаптар оқырмандардың қызығушылығын арттырып, қазақ халқының мәдени құндылықтарымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.

Айта кетерлігі, 2016 жылдан бастап ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Нұр-Сұлтандағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ҚР Сыртқы істер министрлігі мен елшіліктерімен бірлесіп, шет елдердің ұлттық және басқа да ірі кітапханаларында қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталықтарын ашу жөніндегі халықаралық жобаны жүзеге асырып келеді.

Бүгінгі таңда қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталықтары әлемнің 32 кітапханасында ашылған. Яғни, Оңтүстік Корея, Қырғыз Республикасы, Финляндия, Венгрия, Ресей, Армения, Малайзия, Түркия, Қытай, Грузия, Франция, Жапония, Швеция, Македония, Болгария, Чехия, Италия, АҚШ (Конгресс кітапханасы және Нью-Йорк көпшілік кітапханасы), Румыния, Иран, Бразилия, Удмуртия, Германия және тағы басқа елдерде қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталықтары жұмыс істеп тұр.