87 жастағы қария университеттің Ауыл шаруашылығы факультетіндегі "Биология" мамандығы бойынша күндізгі бөлімге бакалавриатқа құжат тапсырған.
ERNUR.KZ. Румынияның Яссы қаласының 87 жастағы тұрғыны Виорел Пинтилеску зейнетке шыққаннан кейін демалып үйде отырудың орнына, өмірінің қалған бөлігін университетте білім алуға арнауды шешті. Оның айтуынша, бұл жалғыздықтан арылуға және ой-санасын сергек ұстауға көмектеседі, деп жазады zakon.kz.
Қабылдау науқанының алғашқы күні-ақ Яссы өмір туралы ғылымдар университетіне (USV) құжат тапсырған ең алғашқы талапкер 1939 жылы туған Виорел Пинтилеску болды. 87 жастағы қария университеттің Ауыл шаруашылығы факультетіндегі "Биология" мамандығы бойынша күндізгі бөлімге бакалавриатқа құжат тапсырған. Ол жоғары оқу орнында оқуды өмір бойы армандағанын айтты. Оның пікірінше, білім алу – миды сергек ұстап, адамның үнемі дамуына мүмкіндік беретін ең жақсы жол.
Журналистер "Осындай жаста университетке түсуге не себеп болды?" деген сұрақ қойған кезде, ол еш ойланбастан:
"Мен университетке түстім. Болды, бар болғаны осы. Адам, қалай айтсам екен, өмірден надан күйде өтпеуі керек. Білім адамды байытады. Үйде бос отырып, ұйықтап немесе уақытты бекер өткізгеннен гөрі, оқып-білген әлдеқайда жақсы", – деп жауап берген.
Зейнеткердің айтуынша, ол кезінде жоғары білім алуды қатты қалаған. Мектепті 60 жылдан астам уақыт бұрын тәмамдағанымен, өмірдің түрлі жағдайларына байланысты бұл арманы орындалмай қалған.
Егер университетке қабылданса, Виорел Пинтилеску барлық дәріске тұрақты қатысуға дайын екенін айтты. Болашақ курстастарымен арадағы үлкен жас айырмашылығы оны мүлде алаңдатпайды. Керісінше, жастармен араласу өзіне жаңа күш пен жігер береді деп есептейді.
Осылайша, 87 жастағы румыниялық қария білім алуға ешқашан кеш емес екенін өз ісімен дәлелдеп отыр. Оның айтуынша, адамның жасы емес, үйренуге деген ынтасы маңызды.


