Ауру 11 ауылдық елді мекенде 200-ден астам тұрғынға жұққан.
Фото: Азертадж
ERNUR.KZ. Нигерияның солтүстік-батысындағы Замфара штатының Буккуюм округінде тырысқақ (холера) індеті тарап, кемінде сегіз адам қайтыс болды, деп жазады inform.kz.
Ауру 11 ауылдық елді мекенде 200-ден астам тұрғынға жұққан. Бұл туралы бейсенбі күні жергілікті билік хабарлады.
Медициналық көмектің шектеулі болуы мен қауіпсіздіктің болмауы жағдайды одан әрі қиындатып отыр.
Тырысқақ — лас су арқылы таралатын инфекция. Бұл ауру Нигерияда жиі кездеседі, себебі ауылдық аймақтар мен қала шетіндегі кедей аудандарда таза ауызсу қатты тапшы.
Індет өршіген ауылдардың қатарында Насарава-Буркуллу, Гурусу және Адабку бар. Бұл елді мекендерде жағдай күрделі – алғашқы медициналық көмектің жетіспеуінен науқастардың көбі үй жағдайында емделуге мәжбүр.
— Қазіргі уақытта 21 адам ауруханаға жатқызылды. Ал үш адам Насарава ауруханасына дер кезінде жеткізілмегендіктен қайтыс болды, — деді Гурусу ауылының ақсақалы Мұхаммад Джибчи Reuters агенттігіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, Замфара штаты — қарулы қылмыстық топтардың жиі шабуыл жасайтын аймағы. Жергілікті тұрғындар оларды «қарақшылар» деп атайды. Соңғы айларда зорлық-зомбылық көбейіп, ауыл шаруашылығымен айналысу мен жол жүру халық үшін қауіпті болып кеткен. Бұл топтар ауыл тұрғындары мен жол бойындағы жолаушыларды жиі ұрлап, олардан ақша бопсалайды.
Осыған байланысты Нигерия Парламентінің депутаты Сулейман Абубакар Гуми Замфара билігі мен халықаралық үкіметтік емес ұйымдарды шұғыл әрекет етуге шақырды.
Бұдан бұрын Нигерияда содырлар мешітке шабуыл жасап, 27 адамды атып кеткені анықталды.