Өзбекстан азаматтары алаяқтар рәсімдеген несиені төлеуден босатылады

0
116

Әзірге бұл ұсыныс қашан нақты жүзеге асатыны белгісіз.


Өзбекстан азаматтары алаяқтар рәсімдеген несиені төлеуден босатылады

Фото: canva

ERNUR.KZ. Өзбекстан президент Шавкат Мирзиёев елдегі киберқауіпсіздік жүйесін жаңғыртуды тапсырды. Оған сәйкес, азаматтардың рұқсатынсыз, алаяқтық жолмен рәсімделген микронесиелер бойынша міндеттемелерден босату көзделіп отыр, деп жазады inbusiness.kz.

Көршілес елде 31 миллионнан астам азамат интернетті пайдаланады. Соңғы бес жыл ішінде киберқылмыстар саны 68 есе өскен, ал жыл басынан бері 46 мыңнан астам жағдай анықталған. Қарапайым тұрғындар мен бизнеске келтірілген материалдық зиян 1,2 триллион сомнан асады.

Шавкат Мирзиёев жеке деректермен жұмыс істеу кезінде киберқауіпсіздік бойынша міндетті талаптарды енгізудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Мұндай деректермен айналысатын операторлардың тізілімін құру және оларды заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікті күшейту тапсырылды.

Онлайн микронесиелер беру кезінде заманауи қорғаныс жүйелерін енгізу, азаматтардың рұқсатынсыз алынған микронесиелер бойынша міндеттемелерден босату және күмәнді банк шоттарын тәулік бойы бұғаттауды қамтамасыз ету де көзделіп отыр.

Өзбекстанда жеке деректер мен электрондық қолтаңбаларға байланысты алаяқтық жағдайлар да күрт өскен. Банк карталарымен жасалатын кибералаяқтық кең таралған.