Өткен сейбенбіде радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлерінің бастығы Игорь Кириллов жарылыстан қаза тапқан.
Фото: РФ қорғаныс министрлігі.
ERNUR.KZ. Ресей қарулы күштерінің генерал-лейтенанты Игорь Кириллов пен оның көмекшісіне қастандық ұйымдастырған күдікті ұсталды. Ол 29 жастағы Өзбекстан азаматы болып шықты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Федералды қауіпсіздік қызметінің ІІМ және тергеу комитетімен бірлесіп жүргізген жедел - іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Мәскеудегі Рязань даңғылындағы тұрғын үйдің жанында қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны жарып жіберген күдіктінің 1995 жылы туған Өзбекстан Республикасының азаматы екені анықталды және ұсталды», - делінген хабарламада.
Күдіктіге «террористік акт», «адам өлтіру», «жарылғыш затты заңсыз дайындау мен сақтау» деген баптармен қылмыстық іс қозғалған. Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске салсақ, сейсенбі күні таңертең Мәскеудегі тұрғын үйдің жанында жарылыс болып, Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлерінің бастығы Игорь Кириллов пен оның көмекшісі қаза тапты. Ресейдің тергеу комитеті растағандай, 17 желтоқсанда қаладағы Рязань даңғылындағы тұрғын үйдің жанында тұрған самокатқа жарылғыш зат қойылған.