Рақымшылыққа ілінгендердің 223-і негізгі жазадан толық босатылды.
Фото: ӨзА
ERNUR.KZ. Наурыз мерекесі мен Ораза айтын тойлау қарсаңында Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёев «Жазасын өтеп жатқан, іс-әрекеттеріне шын жүректен өкініп, түзелу жолына түскен бір топ адамға рақымшылық жасау туралы» жарлыққа қол қойды, деп жазады inform.kz.
Жарлыққа бойынша Өзбекстан Республикасы Конституциясының 109-бабының 23-тармағына сәйкес, жазасын өтеп жатқан, іс-әрекеттеріне шын жүректен өкініп, түзелу жолына түскен 392 адамға рақымшылық жасалды.
Рақымшылыққа ілінгендердің 223-і негізгі жазадан толық босатылды, 82-сі жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды, ал 34-інің жазасы жеңіл жазамен ауыстырылды.
Сонымен қатар 53 адамға тағайындалған бас бостандығынан айыру мерзімі қысқартылды.
Рақымшылыққа ілінгендердің 3-еуі шетелдік азаматтар, 26-сы әйелдер, 14-і 60 жастан асқан ер адамдар, 166-сы жастар және 24-і тыйым салынған ұйымдардың қызметіне қатысқан адамдар.
Жарлыққа сәйкес, жауапты министрліктер мен ведомстволарға рақымшылыққа ілінгендерді отбасылары мен жақындарына қайтару, олардың қоғамдық өмірге бейімделуіне, пайдалы жұмыспен айналысуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруына және қоғамда лайықты орын табуына көмектесу бойынша тиісті тапсырмалар берілді.


