Өзбекстан жұқпалы ауруы бар шетелдік азаматтарға жұмыс істеуге тыйым салмақ

0
128

Былтыр 81 шетелдіктен вирус табылған.


Өзбекстан жұқпалы ауруы бар шетелдік азаматтарға жұмыс істеуге тыйым салмақ

Фото: Freepik

ERNUR.KZ. Өзбекстан депутаттары 1 тамызда шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғалардан АҚТҚ (ВИЧ) және ЖҚТБ (СПИД) немесе туберкулез анықталған жағдайда, елде жұмыс істеуге рұхсат бермеуді көздейтін заңды мақұлдады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Fergana ақпарат агентігінің мәліметінше, 2024 жылы шетелден оралған 1,7 млн азаматтың тек 25%-ы ғана АҚТҚ/ЖҚТБ-ға ерікті түрде тест тапсырған. Олардың ішінде 1512 адамнан вирус анықталған. Сонымен қатар, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар арасында 81 адамға диагноз қойылған.

Енді шетелде 90 күннен астам уақыт болған Өзбекстан азаматтары және елде тұрақты тұратын шетелдіктер міндетті түрде АҚТҚ-ға тексеруден өтеді. Өзбекстан азаматтары мен республикада тұрақты тұратын тұлғаларды тексеру мемлекеттік бюджет есебінен, ал жұмыс іздеп келген шетелдіктер тексеруден өз қаражаты есебінен немесе жұмыс берушінің қаржысына өтеді.

Заңға сәйкес, шетел азаматтарынан АҚТҚ, ЖҚТБ немесе туберкулез анықталған жағдайда оларға еңбек етуге рұқсат берілмейді. Сонымен қатар, жеке жұмыспен қамту агенттіктері шетелге кететін азаматтарға жұмыс істеу ережелерін түсіндіруді міндетті түрде жүргізуге тиіс.

Жаңа нормалар Президент қол қойғаннан кейін күшіне енеді.