​Өзбекстанда адам ағзасын сатумен айналысқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды

0
110

Өзбекстанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп жүргізген операция нәтижесінде 12 адам құрықталды.


​Өзбекстанда адам ағзасын сатумен айналысқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды

Фото: Өзбекстанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі

ERNUR.KZ. Өзбекстанның құқық қорғау органдары адам ағзаларын сатумен айналысып келген қылмыстық топ мүшелерін ұстады, деп жазады inform.kz.

Өзбекстанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп жүргізген операция нәтижесінде 12 адам құрықталды. Тергеу барысында мәлім болғандай, қылмыстық топ мүшелері әлеуметтік желі арқылы бүйрек және бауыр дертіне шалдыққандарды іздестірумен айналысқан. Сондай-ақ, олар өз ағзасын сатуға ниетті тұрғындарды тауып, донарларға аса ірі көлемде ақша ұсынған.

Кейін топ мүшелері шет елдердегі таныстарын тарта отырып, жалған жеке куәліктер жасатқан. Яғни, ол құжаттарда ағза трансплантациясына мұқтаж азамат донардың туысы ретінде көрсетілген.

Ресми мәліметке сәйкес, оталар көрші мемлекет аумағында орналасқан жеке клиникалардың бірінде жасалған. Тергеу анықтағандай, 2023 жылдан бері күдіктілер 32 науқасқа бүйрек пен бауыр трансплантациясы отасын ұйымдастырып үлгерген. Одан түскен қаражаттың бір бөлігі клиниканың қызметіне, донорға жұмсалса, қалғаны топ мүшелерінің қалтасында қалып отырған.

Сонымен қатар, күдіктілер отадан соң ем дарымаған науқастарға ауырсынуды уақытша басатын дәрілерді қымбат бағамен сатқан.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілді. Қазіргі уақытта іс сотқа жолданды.