Ресейдегі қойма жарылысы әдейі жасалған диверсиялық әрекет пе

0
941

Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары оқиғаны жақында Арыста болған апатпен де салыстыруда.


Ресейдегі қойма жарылысы әдейі жасалған диверсиялық әрекет пе

ERNUR.KZ. Ресейде жарылған қару-жарақ қоймасында химиялық қару болған, әдейі жасалған диверсиялық әрекет. Күні кеше көрші елде болған апатқа байланысты осындай болжамдар айтылуда, деп жазады Stan.kz.

Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары оқиғаны жақында Арыста болған апатпен де салыстыруда.

Ресейдің Краснояр аймағында орналасқан қару-жарақ қоймасы айналадағы жұрттың тым-тырақай қашуына себеп болды. Алдын ала болжам бойынша, ішінен өрт шығып, танк пен артиллериялық қаруға арналған снарядтар жарыла бастаған. Жергілікті қорғаныс министрлігі таратқан ақпаратқа қарағанда қоймада 40 мыңдай снаряд сақтаулы болыпты.

Қоймаға ең жақын деген Каменкадан тұрғындар апыл-ғұпыл қашып шығып жатыр. Көлігі жоқтары балаларын қолына алып жүгіруде. Кейбірі тіпті, қорасындағы малын да ала кетіпті. Жарылыстан көк аспан түнеріп, қара түтін басқан. Оқ-дәрі аралас жауын да жауып жатыр.

Снарядтар қоймадан 15-20 шақырым қашықтыққа құлауда. Сондықтан да қауіп туған аумақтан адамдарды көшіру жұмысы қызған. Ашық дереккөздерде шамамен 11 мың тұрғынның эвакуациаланғаны туралы хабар бар.

"Қазір аймағымыз ең ауыр сынаққа тап болды. Бірақ жедел штаб барлығын бақылап, мейілінше жұмысты үйлестіруде. Ең бастысы, адамдарды қауіпсіз жерге көшіруді ұйымдастыру. Ол үшін көліктеріміз әзір. Ауруханада жатқан науқастарды тасымалдау қиынға соғуда қазір", - деді Красноярск өңірінің губернаторы Александр Уус.

Дегенмен, тұрақтарын тастаудан бас тартқандары да бар екен. Каменкада қалып қойғандары тұтанған өрт ошақтарын өздері сөндіріп жүр.

Айта кетейін, Ачинск ауданындағы бұл қойма елдегі ең ескісі саналады. Үш жылдан кейін оның жұмысын тоқтату жоспарланған болатын.

Оқиға төңірегінде ел арасында түрлі әңгіме тарауда. Бірі мұны әдейі жасалған диверсия деп атады.

"Мен үнемі 99 пайыз жағдайда қойма жарылғанда мұның диверсия деп ойлаймын. Осылайша Ресейде оқиға өрбітетін дирижердің нұсқауы байқалады. Апат секілді көңіл-күй", - деді Владислав Карабанов.

Бірі қоймаға жақын аумақта химиялық қару да сақталған деп жар салды. Дегенмен салаға жақын мамандар оны жоққа шығарды. Қоймадағы снарядтардың көлеңкелі саудасын жасыру үшін жасалған әрекет пе деп күмәнданғандар да бар.

«152 мм-лік, салмағы 50 келі болатын снарядты кім ұрлайды дейсіз. Ресей мен жақын маңдағы елдердегі қылмыстық топтар мұндай калибрдегі зеңбіректі қолданбайды. Сондықтан әдейі қолдан жасалған апат дегенге сенбеймін. Меніңше, бұл жазатайым оқиға немесе қаруды сақтау тәртібінде ақау жіберілген», - дейді әскери ғылым докторы Константин Сивков.

Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары Ресейдегі оқиғаны Арыста болған апатпен де салыстырып жатыр. Естеріңізге сала кетейін, Түркістан облысында да өткен айда қару-жарақ сақтаулы қоймада жарылыс болып, Арыс халқы толығымен көшірілген еді. Апат салдарынан 4 адам көз жұмды. Ал астаң-кестеңі шыққан шаһарды қалыпқа келтіру жұмыстары әлі де жалғасуда.