Ресейдің бірнеше қаласында Ozon-ның ірі қоймалары өртенді

0
108

Краснодардағы қоймаға жасалған соққыдан кейін өрт басталды.


Ресейдің бірнеше қаласында Ozon-ның ірі қоймалары өртенді

Фото: Х/Exilenova+

ERNUR.KZ. Ресейдің бірнеше өңірінде - Краснодар, Ставрополь өлкелерінде, Адыгейде және Дағыстанда Ozon-ның ірі логистикалық нысандары өртенді, деп жазады tengrinews.kz.

БАҚ мәліметінше, 24 тамызға қараған түні бірнеше ірі логистикалық нысанға дрондар шабуыл жасаған.

Краснодардағы қоймаға жасалған соққыдан кейін өрт басталды. Барлық қызметкер эвакуацияланды. Билік мәліметінше, қаза тапқандар жоқ.

Адыгейде де ауданы 90 мың шаршы метрден асатын Ozon логистикалық орталығы өртенді. Бұл кешен Краснодар өлкесі мен Солтүстік Кавказ өңірлерінде тауарларды қабылдау, сұрыптау және тарату бойынша негізгі торап саналады.

Тағы бір өрт Невинномысск қаласындағы логистикалық орталықта болды.

Сондай-ақ, БАҚ мәліметінше, Дағыстанның Тюбе ауылындағы Ozon қоймасы өртенген. Бұл Солтүстік Кавказдағы ең ірі қойма екені атап өтілді. Нысанның ауданы шамамен 130 мың шаршы метрді құрайды.

Сонымен қатар, таңғы сағат 5 шамасында Махачкаладағы логистикалық орталық ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшырады. Алдын ала мәліметтер бойынша, бірнеше адам зардап шеккен.

Ozon компаниясы өз қоймаларына шабуыл жасалғанын растады. Қазіргі уақытта Ozon логистикалық нысандарының зақымдану ауқымы мен келтірілген шығын көлемі туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ресейдегі Wildberries логистикалық орталықтары жаппай шабуылға ұшыраған болатын. Өрт компанияның Котовск, Электросталь, Краснодар, Невинномысск қалаларындағы, Ленинград, Рязань, Пенза, Волгоград және Владимир облыстарындағы, сондай-ақ Тверь, Симферополь, Пермь өлкесі, Удмуртиядағы қоймаларында және БАҚ хабарлауынша, Зеленодольск қаласында тіркелген.

Осыдан кейін Wildberries логистикалық процестерді қайта құрғанын және тауарларды әртүрлі нысандар арасында қайта бөлуді жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ БАҚ Wildberries компаниясының Қазақстаннан қосымша қойма алаңдарын жалдау мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады. Жарияланымдарға сәйкес, сөз шамамен 100 мың шаршы метр туралы болуы мүмкін.