Таяу Шығыстағы шиеленіс: Батыс елдері өз азаматтарын Ливаннан кетуге шақырды

0
283

АҚШ Ливандағы америкалықтарға қақтығыс өршіген елден қандай жолмен болсын шығуды тапсырды.


Таяу Шығыстағы шиеленіс: Батыс елдері өз азаматтарын Ливаннан кетуге шақырды

ERNUR.KZ. Батыс елдері өз азаматтарын Ливаннан кетуге шақырып жатыр, деп жазады stan.kz.

Ал АҚШ Ливандағы америкалықтарға қақтығыс өршіген елден қандай жолмен болсын шығуды тапсырды.

Иран “Хамас” саяси бюросының басшысы Исмаил Ханияның өліміне Израильді кінәлап, "аяусыз түрде кек алатынын" хабарлады. Израиль билігі “Хамас” жетекшісінің өлтірілуіне қатысты пікір білдірмеді.

Ханияның өлімі Газадағы атысты тоқтату және кепілге алынғандарды босату жөніндегі келіссөздерге қауіп төндірді.

Израиль Бейрутте “Хезболланың” жоғары шенді қолбасшысы Фуад Шукрды өлтіргеннен кейін бірнеше сағат өткен соң, Иранның жаңа президенті Масуд Пезешкянның инаугурациясына қатысқан Ханияны жер жастандырды.

Батыс шенеуніктері Иран Израильге “Хезболла” арқылы жауап қайтаруы мүмкін деп қорқып отыр. АҚШ пен басқа да Батыс елдері дипломатия арқылы аймақтағы шиеленісті тоқтатуға тырысып жатыр.

Алайда АҚШ, Ұлыбритания, Швеция, Франция, Канада және Иордания өз азаматтарын Ливаннан тезірек кетуге шақырды. Бейруттағы жалғыз халықаралық әуежайда рейстердің саны артып жатыр. Кейбір билеттер бағасы айтарлықтай өсті. Алайда елден кетіп жатқан халық саны көп емес.

Хезболла 7 қазанда Хамастың Израильдің оңтүстігіне жасаған шабуылынан кейін Израильді атқылай бастады. Олар мұны Газадағы палестиналықтарға қолдау көрсету деп атады. Дегенмен, Хезболланың шабуылдары шекара аймақтарымен ғана шектелді.

Израиль мен Иран қарым-қатынасы оккупацияланған Голан жоталарындағы соққыдан 12 баланың қаза табуынан кейін нашарлай бастады. Израиль "Хезболланы" айыптап, "қатаң" жазалауға уәде берді. Дегенмен топ бұл оқиғаға қатысы жоғын мәлімдеді.

Бірнеше күннен кейін "Хезболла" жетекшісі Хасан Насралланың кеңесшісі Шукр Бейрутта Израильдің әуе шабуылынан қаза тапты. Сондай-ақ төрт адам, оның ішінде екі бала қайтыс болды. Аталған топ өкілдері Израильдің бұл әрекетіне жауап ретінде 4 тамыз күні сағат 00:25 шамасында Бейт-Хиллель қаласына ондаған зымыран ұшырды.