"Тәжікфильм" компаниясының жауапты тұлғалары жергілікті блогерлер жасаған видеоконтенттердің сапасыздығын алға тартуда.
ERNUR.KZ.Тәжікстанда аудио-видеоөнімдерді заңдық тұрғыда реттеумен айналысатын "Тәжікфильм" блогерлердің Youtube-ке салған видеороликтеріне бақылау орнатуды көздеп отыр. Салық орган өкілдері өзге азаматтар сияқты олар да салық төлеуі тиіс, деп жазады qazaqtimes.com.
"Тәжікфильм" басшылығы Youtube желісіне ресми өтініш жіберіп, тәжік блогерлерінің видеосын олардың рұқсатынсыз жарияламауды сұрап отыр. "Тәжікфильм" компаниясының жауапты тұлғалары жергілікті блогерлер жасаған видеоконтенттердің сапасыздығын алға тартады. Ал биліктің талпынысына наразы видеоблогерлер Youtube-тегі контенттердің сапасын басқа жолдармен де жақсартуға болатынын айтып, блогерлер шығармашылығын шектемеу қажет дейді.
"Тәжікфильм" мемлекеттік киностудиясының жетекшісі Носир Рахмонның айтуынша, Тәжікстан заңнамасына сәйкес аудио-видеоматериалдарды жасап шығару үшін олардың авторлары ресми орындардан рұқсат сұрауы тиіс. Рахмон видеоблогерлердің жұмыс істеуіне қарсы еместігін, бірақ Youtube-ке салынған видеороликтердің мазмұны мен сапасына алаңдап отырғанын жеткізді.
- Біз әуелі видеороликтердің мазмұнын көріп шығуымыз қажет. Кейбір роликтерді қараған кезде адамдар ұялып кетеді. Youtube-ке өзге ел қолданушылары салған роликтерді қарасаңыз, жаның демалып қалады. Ал біздікілердің [контенттерінің] бәрі "колхоз", - деді Рахмон.
Youtube-тің Тәжікстанда өкілдігі жоқ. Носир Рахмонның айтуынша, олар Youtube-тің Ресей және Қазақстандағы өкілдіктерін тауып, оларға тәжік блогерлерінің видеоларын арнайы рұқсатсыз жарияламау туралы ресми түрде өтініш жіберген.
Соңғы жылдары Youtube-тен ондаған тәжік азаматы парақша ашып, жиі видеоматериалдар жариялап келеді. Онда әртүрлі мәселелер қозғалады: жергілікті нарықтағы көлік, базардағы қой немесе Тәжікстанның әртүрлі аудандарындағы баспана бағасы және өзге мәселелер.
Ал Тәжікстанның салық комитетінің өкілі Завкибек Шодиен елдің салық кодексінде видеоблогерлерден салық алу туралы арнайы бап жоқтығын, бірақ олар да өзге азаматтар сияқты табысының бір бөлігін мемлекетке беру қажеттігін айтты.