Тәжікстанда суға батып кеткен 9 жастағы қыздың денесі Өзбекстаннан табылды

0
532

Қыз 2024 жылдың 7 ақпанында Ходжент қаласында жоғалып кеткен.


Тәжікстанда суға батып кеткен 9 жастағы қыздың денесі Өзбекстаннан табылды

ERNUR.KZ. Тәжікстанда бір айдан астам уақыт бұрын жоғалып кеткен 9 жастағы қыздың мәйіті Өзбекстанның Сырдария ауданындағы каналдардың бірінен табылды, деп жазады inform.kz.

Тәжікстанның Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитеті Өзбекстанның Төтенше жағдайлар министрлігінен қызды табуға көмек сұрады.

Тәжік тарапының өтініші бойынша осы жылдың 2-12 наурызында Өзбекстан Төтенше жағдайлар министрлігінің сүңгуір-құтқару қызметі Сырдарияда іздестіру жұмыстарын жүргізді. Іздестіру жұмыстарына Өзбекстанның Сырдария облысы Ширин қаласына жақын орналасқан ауылдардың тұрғындары да тартылған.

«Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде қыздың мәйіті 12 наурыз күні сағат 15:15-те Сырдария ауданы, Ширин қаласы арқылы өтетін Оңтүстік Мырзашөл каналының оң жағалауынан табылды», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ Өзбекстан заңнамасына сәйкес қыздың денесі Сырдария облысының Боёвут ауданындағы емдеу мекемесінің мәйітханасына тапсырылып, кейін туыстарына берілген.

Ақпаратқа сәйкес, қыз 2024 жылдың 7 ақпанында Ходжент қаласында жоғалып кеткен. Ол соңғы рет Сырдария жағалауындағы Камоли Ходжанди саябағының жанындағы Рахмон Нәбиев көшесінен түсірілген видеода көрінген.

Оның үйі осы ауданда болатын. Видеода қыздың жол бойымен жүгіріп, өзен жағасына құлап жатқанын көруге болады.

Жоғалған қыздың денесін іздеу жұмыстарын Ходжент және Соғды облыстарының төтенше жағдайлар жөніндегі штабы ақпан айы бойы жүргізді. Қала және аудан басқармаларының жедел отрядынан сүңгуірлер тартылды.

Тәжікстанның Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитетінің Соғды басшылығы қыздың ұзақ іздестіруден кейін дәлелдер жеткіліксіз болғандықтан өзенге батып кетпеуі мүмкін деген болжам жасаған. Дегенмен, қыздың ата-анасы баласының суға батып кеткенін айтқан.