Токиода аптап ыстықтан 260-тан астам адам ауруханаға түсті

0
114

Ауруханаға түскендердің басым бөлігі – егде жастағы адамдар.


Токиода аптап ыстықтан 260-тан астам адам ауруханаға түсті

Фото: Freepik

ERNUR.KZ. Жапония астанасы Токиода күннің күрт ысуына байланысты 261 адам ауруханаға жеткізілді. Аптап ыстық кезінде жедел жәрдем қызметіне түскен шақыртулар саны да бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті, деп жазады inform.kz.

Бұл – 2022 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан статистикадағы ең жоғары тәуліктік көрсеткіш. Сонымен қатар бір тәулікте құтқару қызметіне 3 454 жедел шақырту түскен. Бұл – мұндай есеп жүргізіле бастаған 1963 жылдан бергі рекорд көрсеткіш.

Құтқару қызметінің мәліметінше, демалыс күндеріндегі аптап ыстықтан кейін денсаулығы сыр бергендердің саны күрт артқан. Тұрғындар дене қызуының көтерілуі, бас ауруы және жалпы әлсіздікке шағымданған.

Ауруханаға түскендердің басым бөлігі – егде жастағы адамдар. Олардың ішінде 55 адам 80 жастан асса, тағы 53 адам 70 жаста. Сондай-ақ зардап шеккендердің арасында жасы елуді еңсерген 27 адам бар.

Жапонияның метеорологиялық агенттігінің мәліметінше, сейсенбі күні Токионың орталығында ауа температурасы 36,4 градусқа дейін көтерілген. Ал сәрсенбі күні елдің кейбір өңірлерінде сынап бағанасы қатарынан екінші күн 40 градустан асты.

Аптап ыстық Тотиги префектурасының Отавара қаласында тұратын 84 жастағы ер адамның өліміне себеп болуы мүмкін. Жергілікті өрт сөндіру қызметінің мәліметінше, оны пластик жылыжайдан туысы ес-түссіз күйде тауып алған. Дәрігерлер ер адамды ауруханаға жеткізгенімен, аман алып қала алмады.

Аптап ыстық спорт жарыстарына да әсер етті. Сайтама қаласында бейсболдың төменгі лигасындағы матчтардың бірі өтпей қалды. Ал Lotte Marines пен Orix Buffaloes клубтарының қосалқы құрамдары арасындағы ойын төртінші иннинг кезінде тоқтатылып, кейін жарамсыз деп танылды.

Жапонияның метеорологиялық агенттігі тұрғындарды күннің аптап уақытында сыртта ұзақ жүрмеуге, жеткілікті мөлшерде су ішуге және денсаулық жағдайын жіті бақылауға үндеді.